Саяхатшы Олжас Серікұлы: Үндістан халқының тұрмыс-салты қазақтарға қатты ұқсайды

Саяхат бізді бақытты етумен қатар, ол біздің денсаулығымызға да пайдалы әсер етеді. Бұл негізсіз мәлімдеме емес! Көптеген ғылыми зерттеулер сапардың пайдалы екенін растайды. Жақсы қосымша мотивация, дұрыс па? Саяхат бізге қалай әсер етері жайлы баяндайық. Саяхат әрқашан көкжиегін кеңейтеді және жағымды әсерлермен байытады, бұл эмоционалды денсаулық пен өмірге қанағаттану сезіміне тікелей әсер етеді. Саяхат өмірдің оң көзқарасын табуға және жетістіктерді тартуға көмектеседі. "Саяхаттауды рухани табыс көзіне айналдыра алдым" деген трэвел-блогер Олжас Серікұлы Kaz.tengritravel.kz порталы әзірлеген сұрақтарға жауап беріп, саяхаттау арқылы қандай жетістіктерге жетуге болатынын айтты. 

Жаңа бір елге келгенде, бірінші кезекте баратын жеріңіз?

Жаңа елге бармас бұрын интернеттен жүретін бағыттарды саяхатшылардың пікірін оқып, таңдап аламын, яғни алдын ала қамданамын. Екіншіден көлік қатынасы ыңғайлы жерлерді таңдауға тырысамын. Мысалы, Гоаға (Үндістан) барғанымызда ондай қиындықтар болған жоқ. Жалға мотоцикл алып, қалаған жерлерімізге сонымен шарладық. Ондағы ауа райы тамаша дер ем, жыл он екі ай жылы, жауын жауса да, қозғалысқа қатты зиян тигізбейді. Түнгі уақытта да жүрдік, қауіпсіздік ең жоғарғы деңгейде. АҚШ, Еуропа елдері, не Дубай болса, онда метро арқылы қозғалған тиімді, өйткені такси өте қымбат, әрі уақытыңызды кептелісте жоғалтып алу қаупі бар. Қаражатты болмашы нәрсеге жұмсамай, барынша нәтижелі дүниелер істеген дұрыс. 

Шетелде жүргенде қандай жағдайда өзіңізді бақытты сезінесіз?

Мұндайды осы күнге дейін ойлап көрмеппін, бірақ мынаны айта кетейін: әлем елдеріне емін-еркін бара алатынымыз, арманымыздың ұшы-қиыры жоқ екені және тек қана шекаралар миымызда ғана болатынына көзім жетті. Кез келген елге барып кәсіп аша аламыз, саяхаттаймыз, яғни шектеулер біздің миымызда. Осы сезімді шынайы жүрекпен қабылай алудың өзі - мен үшін үлкен бақыт. Уақыт зырғып ағып барады, сол себепті барынша тезірек әрекет етпесек, көштен қалып қоямыз. Шетелге шығу арқылы, біз өзіміздің кез келген нарыққа шыға алатынымызға көз жеткізуге болады. 

Барғыңыз келмейтін ел, қала?

Ресейге аса көңілім бұрмайды. Өйткені онда барсаң, Қазақстанда жүргендей боласың. Менталитеті, адамдары да сол. Қырғызстанға, Тәжікстанға барып келдік, тура сол, халқы, мәдениеті қатты бір ерекшеленіп тұрмайды. Мысалы, көршіміз Қытайға барсаңыз, бірден білінеді. Батыс аймақтар болсын бірден оттай басылады. Айтпағым, бөтен елге барсаң мәдени шок деген болады, ал Ресей, Қырғызстан, Тәжікстандағы сапардан ондайды сезіне алмадым. 

Басты мақсаттарымының бірі - 200 елде болу. Пандемияға байланысты Қазақстанның өңірлерін аралауды қолға алмақшымын, сосын ары қарай өзге елдерді түгендей жатармын. Шүкір деуіміз керек, елімізде туристік аймақ жетерлік. 

Сіз үшін ең керемет демалыс?

Интернеті бар жер, міндетті түрде витаминге бай көкөністер мен жеміс-жидектерге толы жерлер, тропикалық елдер, мұхиттың жағалауы - мен үшін ең керемет демалыс орындары. Біздің елге келіп жатқан жеміс-жидектердің көбісі пестицидтермен өскен, табиғи нәрі жоқ, яғни иммунитетке қажет витаминдерден құр алақан қалып қоямыз. Ал тропикалық елде қолмен үзіп жесеңіз де болады, ал ол иммунитетке айтарлықтай күш береді. 

Ұзаққа созылған саяхат туралы айтсаңыз?

Мұны бірнеше кезеңге бөлуге болады: үш айдан артық; үш айға дейін, бір айға дейін. Бір айға дейінгі саяхаттан мысал. Алматыдан Үрімшіге автобуспен шықтық, ол жаққа жеткен соң пойызбен үш тәулік бойы Гуанчжоуға бардым. Онда біраз саяхаттап, Гонконгқа аттандық, одан әрі ұшақпен Шанхайға тарттық. Осыдан кейін Ресейдің бас қаласы Мәскеуге, одан кейін Санкт-Петербургке бардық. Осыдан кейін ғана Алматыға оралдық. Осыған бір ай уақытымыз кетті. Үш айға дейінгі демалысым жайлы айтар болсам, ол Еуропа елдерінде болды. Голландияда оқып жүргенімде, біраз елге саяхаттау бақыты бұйырды. Нидерландының Роттердам, Амстердам, Утрехт, Гаага қалаларында болдым. Италияның Милан қаласында, Испанияның Барселонасында, Чехияның Прагасында ... болдық. Осылайша үш айға дейінгі мерзімде бірнеше қала, бірнеше елде болдым. Үш айдан асатын саяхатқа АҚШ-қа сапарымды айтар ем. Калифорния штатына бардық, Лос-Анджелесте және оның маңайындағы бірнеше қалада болдық. Мичиган штатындағы Детройтқа бардық. Огайо штатының Цинциннати қаласында, Кентукиде болдық, Жаңа жылды Теннесси штатында қарсы алдық. Ал елге қайтар кезде біз Нью-Йорк қаласында, Бруклинде және оған жақын қалаларда болдық. 

Интернетке қосыла алмайтын жерде болуы сіз үшін қиындық туғыза ма?

Интернетке қосыла алмау мен үшін үлкен "трагедия" болуы мүмкін. Мен қағаз картаны пайдалануға дағдыланбағанмын. Заманауи гаджеттерді пайдаланамын. Ал интернет болмаса, бұл гаджеттер жәй "пластик" болып қалады. Сол себепті интернеттің болғаны жақсы. 

Саяхат кезінде болған қызықты оқиға?

2019 жылдың соңында АҚШ-қа отбасымызбен бардық. Ол жақта бір жақсы досымыз күтіп алды. Сөйтіп сол досымызбен бірге тұратын болып, пәтер іздеуге кірістік. Таптық, бір айдың ақысын төледік. Әп-әдемі тұрып жатқан ек, үшінші күні тұрып жатқан үйге полиция келіп, заңсыз тұрып жатқанымызды айтты. Сөйтсек, бұл негізі басқа біреудің үйі екен және бізбен келісіп жүрген адам делдал болып шықты. Олардың өзара келісімінің мерзімі аяқталуына байланысты, полицейлер бізге дереу үйді босатуымызды талап етті. Осылайша түн жарымда киім-кешегіміз, дүниемізбен бірге далада қалдық. Енді не істейміз деп тұрғанымда, ойыма осында тұрып жатқан қазақстандықтарды іздестіру керектігі сап ете қалды. Сөйтіп жағдайды түсіндіріп Желіге жаздым, артынша он минут өткен соң бір кісі хабарласып, қазақстандық екенін айтты. Ол кезде біз таксиде келе жатқанбыз, хабарласқан кісі "қиын жағдайға тап болған екенсіңдер, Shelter-ге барыңдар" деді. Такси жүргізушісі қарқылдап күліп жіберді. Сөйтсек "Шелтер" дегеніміз үйсіз, күйсіз жүргендерге арналған мемлекеттік тегін жатақханалар екен. Енді өзіңіз-ақ ойлап көріңіз қандай жер екенін, сасыған иіс, қауіпсіздік деген атымен жоқ жер болса керек. Сағымыз сынып, не істейміз ендіге басып отыра бермей, барсақ барайық дедік. Енді таяп қалғанда, қоңырау шалынды. Тағы бір отандасымыз екен, ол бізді өз үйіне шақырды. Пәтер тапқанша, сонда тұра беруімізді айтты. Енді қуанышымыздың шегі туралы жазып жатудың өзі артық сияқты. Біздің елде мысалы, армяндар не басқа ұлт өкілдері ұйымшыл, бір-біріне жәрдемдесіп, көтеріп жүретінін көресің, шетелде жүрген қазақтарымыз да сондай екеніне көз жеткіздім. 


Үндістанда түсірілген бейнебаян

Мәдениеті Қазақстанға жақын келетін елдер?

Орталық Азияларын айтпағанда, мен Үндістанды айтар ем. Онда салтанатты, ұлан-асыр тойлар болады, мейрамханада өткізеді, тойға әртістерді шақырып, шоу жасайды. Үлкенді сыйлайды, қыздарын ұзатады. Ағайын-туыс бірге тұрады, рулар, тайпалар, касталар мен жүздер бар. Тіпті кей сөздері қазақтыкіне қатты ұқсас. Жүрегіме жақын болғаны осы - Үндістан. 

Сіздің ойыңызша әр азамат әлемнің қай елін, қаласын көруі тиіс?

Әр қазақтың азаматы алыс шетелге шығып, ой түюі керек. Өйткені біздің ойлау қабілетіміздің радиусы бір метрден аспайды, яғни бала-шаға, отбасы, әйел, оның айналасындағы сыбыс, әңгімелерден аса бармайды. Ащы болса да шындық: Қазақстанда көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар 10-15 пайыз ғана, қалғаны әлі күнге дейін қараңғы халық күйін кешіп жүр. Шетелге кемінде бір рет шығып, әлем елдері қалай өмір сүріп жатыр, ол жерде біз кәсібімізді дөңгелете аламыз ба? Үйде отырып-ақ, онлайн дүниенің пайдасын ала аламыз ба? Түрлі қосымшалар бар тауар жеткізетін, соны бірі білсе, бірі білмейді. Осыны білу - туризммен тікелей байланысты. 

Саяхаттау кезінде не ұнамайды?

Жанымызда жүрген серіктеріміз тәуекелге бармайтын болса, нашар жолдас болады. Алыс сапарға шығатын болсаңыз, осы мәселе өте маңызды, өйткені кез келген саяхат сонысымен ерекшелене түседі. 

Саяхаттау - табысты іс пе?

Өз басым саяхаттауды материалды емес, рухани табыс көзіне айналдыра білдім. Саяхаттаудан әзірге табыс тапқаным жоқ, бірақ рухани азық мол алдым. Өйткені мүмкіндік атаулы осы саяхаттау арқылы айқара ашылады. 

Сұхбатты үш сөзбен аяқтасаңыз...

Еліміз дамысын, өссін, өркендесін десек, өзіміздің әл-ауқатымыз өссін, бақытты адамдардың қатарынан табыламыз десек, міндетті түрде алыс және жақын шетелдерді көріп, ол жерден сабақ алып, біздің мүмкіндіктеріміз ешбір елден ешбір халықтың мүмкіндігінен кем еместігіне көзіміз жету тиіс. 

Суреттер Олжас Серікұлының жеке мұрағатынан