Қазақстан Пхукетте консулдық ашады

Қазақстан Пхукетте консулдық ашады. Бұл туралы Бангкокқа сапары барысында премьер-министрдің орынбасары - сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің басшысы Таиландқа алғашқы ресми сапары аясында тайландтық әріптесі Панпри Пхиттхануконмен кездесті. Нұртілеудің айтуынша, тараптар Пхукетте консулдық ашу туралы келісімнен бөлек, Қазақстан мен Таиланд арасында қосымша тікелей әуе рейстерін ашу мүмкіндігін де талқылаған.

"Біз астаналарымыз бен басқа да ірі қалалар арасында қосымша тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін талқыладық, сондай-ақ Пхукетте Қазақстан консулдығын ашу туралы келісімге келдік және Таиланд корольдік үкіметінің біздің бастамамызға көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтамыз", - деді Мұрат Нұртілеу.

Оның айтуынша, туризм екі ел арасындағы достық пен белсенді өзара іс-қимылдың маңызды негіздерінің бірі болып табылады.

Сыртқы істер министрлігі мәліметінше, 2023 жылы Тайландқа 172 мың қазақстандық барған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда үш есеге көп. 2024 жылдың қаңтар-ақпанында Тайландқа Қазақстаннан 58 мың турист келген.

"Өз тарапынан Қазақстан тай демалушылар үшін жаңа бағытқа айналуы мүмкін. Бізде әлемдік деңгейдегі қысқы демалыс орындары, сондай-ақ бірегей табиғи саябақтар мен тарихи орындар бар, – деді Нұртілеу.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!