Қазақстанда туристік жарна енгізіледі: Парламент заң қабылдады

Енді туристік әлеуеті жоғары аумақтарда нысандар салатын кәсіпкерлер үшін инвестициялық жеңілдіктер қарастырылады. Ондай жерлерге ерекше қарқынмен дамып келе жатқан және туристификация картасында республикалық деңгейдегі нысандар тізіміне енгізілген арнайы аймақтар жатады. Мұндай жаңа норма бүгін сенаторлар қабылдаған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңда жазылған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Сенаторлар қабылдаған заңға сәйкес, бұдан былай мемлекет туристік әлеуеті жоғары аумақтарда нысан салған кәсіпкерлер үшін инвестициялық жеңілдіктер қарастыруға міндетті. Ондай арнайы аймақтардың тізімі жеке бекітіледі. Ал кәсіпкердің құрылысқа салған инвестициясының көлемі 200 000 еселенген АЕК мөлшерінен асуы керек. Сондай-ақ, мемлекет жол бойында қызмет көрсету саласындағы шығынның бір бөлігін өтеуді және туроператорлардың шығыстарын субсидиялауды да өз мойнына алады.

"Елімізде туризм саласын дамыту маңызды мақсаттардың бірі. Бүгін қабылданған заң осы бағытта кешенді заңнамалық негіз қалыптастырады. Соған сәйкес қаржылай қолдау тетіктерінің де ауқымы кеңейді. Олардың қатарында инвестициялық жеңілдіктер, туристік қызметті ынталандыру, сырттан туристер әкелетін туроператорлардың шығындарын субсидиялау сияқты басымдықтар бар", - деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар, шетелдіктер үшін туристік жарна енгізу ұсынылды.

"Әлемдік тәжірибені ескере отырып, ішкі және сыртқы нарықтарда өңірлік туристік әлеуетті ілгерілетуге жергілікті бюджеттің қосымша көздерін іздестіру мақсатында шетелдік туристерден туристік алым енгізу және осы алым бойынша операторларды белгілеу көзделеді. Туристік алым мөлшерлемесін мәслихат, ал төлеу тәртібін үкімет бекітеді", - деді мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Сенат отырысында.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!