2022 жылдан бастап Қазақстанға келетін шетелдік қонақтарға туристік алым енгізу жоспарланып отыр. Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспековтің айтуынша, ел аумағына келген және қонақүйге орналасқан барлық саяхатшыдан ақы алынады. Заң жобасының осы және басқа шаралары туралы толығырақ Кaz.tengritravel.kz порталы жазды.
Спикердің айтуынша, барлық ереже әзірленіп жатыр. Дегенмен туристік алым мөлшері қонақүйдегі бөлме құнының белгілі бір пайызымен анықталады деп болжанып отыр.
"Туристік алым Қазақстан аумағына келген және қонақүйге тоқтаған барлық туристен алынатын болады, бірақ достарына, туыстарына қыдырып немесе қонаққа келгендерден алынбайды. Мысалы, қонақүйдегі бөлменің орташа құны 10 000 теңге болса, 1 пайыз мөлшерлемемен алым күніне 100 теңге болады. Біздің ойымызша, бұл сома шетелдіктердің Қазақстанға келу шешіміне әсер етпейді", - деді Рыспеков Дастан.
Туризм индустриясы комитетіндегілердің айтуынша, іс жүзінде мемлекет қонақүйлермен тікелей жұмыс істейтін болады. Өз кезегінде қонақүйлер алған туристік алымдар сомасын тоқсан сайын төлеп, жергілікті органдарға келушілер саны мен тұратын күндері туралы ақпарат береді. Әрі қарай бұл қаражат жергілікті бюджетке түседі.
Жарна мөлшерін анықтау құзыреті мәслихаттарға белгіленгені белгілі. Жалпы ережелер мен шекті шектеулерді Үкімет белгілейді. Мәслихаттар осы ережелерге сүйенеді.
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын Сенат екінші оқылымда мақұлдады және басқа да мемлекеттік қолдау шараларын қарастырады.
Туризм индустриясы комитеті туризм саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге жеңілдіктер: корпоративтік табыс салығынан, қосылған құн салығынан, жер салығынан босату және жер учаскелері түрінде заттай грант беру туралы айтып берді.