Қамалдар алқабы, Жығылған мүйісі, қазақтың Аризонасы аталған Маңғыстау облысы тағы несімен танымал?

Маңғыстау - ғажайып сұлулық мекені. 5 миллион жыл бұрын, мұнда ежелгі Тетис мұхиты буырқанып жатты. Бүгінде судан құрғаған жердің беті Айға ма, Марсқа ма, фантастикалық ғаламшардың бетіне ұқсайды, осында болған барлық адамдарды баурап алады. Бұл мақалада TengriTravel Маңғыстаудың негізгі табиғи көрікті жерлері туралы әңгімелейді.

Қамалдар алқабы

Сыртқы көрінісінде бұл тау шыңдары, мұнаралары, бағаналары мен қамал қабырғалары бар ертегі сарайларына ұқсайды. Бұл ғылымда Айрақты-Шоманай аталған шағын қалдықты таулар жүйесі. Халық бұл жерді "Қамалдар алқабы" деп атайды.

Бір кездері ежелгі Тетис мұхитында Үстірттің үстінде фантастикалық моллюскалар мекен еткен. Олардың қалдықтары таулардың таңғажайып әсемдігін құрады. Тектоникалық қозғалыстар ландшафтты қалыптастырды. Су құрғаған соң, жел мыңдаған жылдар бойы зергер іспетті жартастар мен шоқылардан нағыз өнер туындыларын ойып қойды. Саяхаттауды ұнататындардың мұнда көретін нәрселері көп. Қамалдар алқабында көптеген мұнаралар, бекіністер және басқа да таңғажайып нысандарды таба аласыз. Сіз кем дегенде күні бойы аралауға болады.


Сурет ашық дереккөздерден

Бір қызығы, жергілікті жердің атын берген украиндық ақын, жазушы Тарас Шевченконың мүлдем басқа пікірі болғандығы анық. 1851 жылы мұнда өзі қатысқан Қаратау экспедициясы өтті. Экспедиция таудың бойымен асу жасады, оған "Қамалдар алқабы" деген поэтикалық атаумен суреттер салуға мүмкіндік туады. "Шөл далада ешқандай өсімдік жоқ, құм мен тас, ағаш болсашы - ештеңе жоқ", - деп жазған.

Бүгінгі таңда Қамалдар алқабы - сүйікті туристік бағыттардың бірі. Көптеген адамдар әйгілі ақ Айрақты тауды көріп, басына шығуды қалайды. Тіпті мұнда бірнеше күн жүрсеңіз болады. Аңыз бойынша қазына-байлық Айрақты төңірегінде жатыр, ал Қамалдар алқабы - қазынашылар үшін нағыз жұмақ. Бұл Ұлы Жібек жолының бағдарларының бірі арқылы өткендіктен болуы мүмкін. Күзде туристер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтарға ұқсайды - олар техникамен бірге келеді және ежелгі алтынды іздейтіндері де бар. Бірақ біздің жолсерік Бауыржан Билманның айтуынша, олар шын мәнінде күміс және алтын монеталарды тапқан кездер болған.

Сәті түссе, сіз Қамалдар алқабында өте мұқият болсаңыз, тау қойларын көре аласыз. Ал түйелерді туристер жиі кездестіруі мүмкін. Олар көбінесе жақын маңда жайылып жүреді, келушілерге мүлдем назар аудармайды.

Айрақты жалпақ пішінді тауларға, яғни жазық шыңы бар тауларға жатады. Көпшілік оған өрмелеу мүмкіндігін жібермейді. Жоғарыға көтеріліп, олар Маңғыстау ландшафты мен көршілес таулардың таңғажайып панорамасын ғана емес, сонымен қатар қазіргі заманғы суретшілердің туындыларын да тамашалай алады. Жақында маңғыстаулық археолог Андрей Астафьев осы тау аңғарында өзінің геоглифтер галереясын құрды. Аймаққа көбірек туристерді тарту мақсатында құрылған. Олардың бесеуі алып геоглифтер, шын мәнінде, өзіне аудартпай тұрмайтын ерекшеліктерімен таң қалдырады. Олар қамалдар алқабының сәніне айналды, оған ерекше түркілік мән берді.

Өкінішке орай, Маңғыстаудың көптеген басқа табиғи ескерткіштері сияқты қамалдар алқабы мәңгілік емес. Ғалымдардың пайымдауынша, 5-7 мың жылдан кейін оның пейзажы өзгермейді, ал таулар жер бетінен біржола жоғалады.

Жығылған

Аңыздардың көпшілігі халық Жығылған деп атаған жермен байланысты. Сөзбе-сөз аударғанда, ол "құлаған жер" дегенді білдіреді. Аңыз бойынша, Мұхаммед пайғамбардың алдыңғы қатарлы сахабаларының бірі тоқтап, осы жерде намаз оқып жатқанда, жергілікті тұрғындар оның жылқысын ұрлап кетеді. Пайғамбар ашуланып, бұл жерге қарғыс айтады. Содан бері жаға батпаққа айналып, жер жарылады... Ғалымдар жердің ойпаңға айналғанын қатты жер сілкінісі салдарынан немесе ежелгі Тетис мұхитының сулары жерді жуып тастағандықтан болды деп санайды. Ғылымда Жығылған ойпаты карст үңгірі деп аталады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Әсима Көшім карст - бұл бор жыныстарынан пайда болған үңгір деп түсіндіреді.
Су мен желдің әсерінен ол уақыт өте келе шайылып, әртүрлі таңқаларлық пішіндерге енеді. Айта кету керек, Маңғыстау осындай карсттерге өте бай. Әр түрлі вариацияларда оларды түбектің барлық жерінде табуға болады.

Жығылған ойпатының шеті - дөңгелек. Оның диаметрі кемінде 10 шақырым және тереңдігі 80 метр. Ең шетіне жақындап келу өте қауіпті. Ақаулар жел мен күннің әсерінен біртіндеп кеңейетін жарықтармен туындаған. Жығылғанды жиі тірі нысан деп атайды, өйткені жер асты суларының ағуы осы күнге дейін жалғасады, сазды шөгінділер жылжып, жартасты құлау жалғасып жатыр. Кез келген сәтте сіз тұрған жер құлдырауы мүмкін. Алайда кейбір батыл адамдар тұңғиықтың шетінде тұрып, суретке түсіруді ұнатады.


Сурет ашық дереккөздерінен

Бұл аймақтың сұлулығын суреттеу өте қиын. Көркем жартастар - ежелгі сарайдың қирандылары. Жақын жерде кішкентай көл бар, ондағы су Өлі теңіздегідей өте тұзды дейді. Ежелгі тұрғындар оны Қоздықара деп атаған. Оның мұнда қалай пайда болғанын ешкім білмейді. Алайда, адамдар мұны қандайда бір жолмен Каспиймен байланысты деп санайды. Егер қой көлге түсіп кетсе, онда ол біраз уақыттан кейін теңізден шығады дейді.


Сурет ашық дереккөздерінен

"Жығылған" туристерді, тағы да жартастардың біріне салынған динозаврлар, найзатісті жолбарыстар, арыстандар және басқа да көптеген ежелгі жануарлардың суреттері салынған петроглифтерімен қызықтырады. Бірақ, шындап келгенде, ғылыми тұрғыда әлі күнге дейін оларды кімдер салғандығы беймәлім.

Бозжыра шатқалы

Қазақтың Аризонасы. Саяхатшылар Бозжыра шатқалына осындай атау берген. Бұған келіспеске болмайды. Ол Маңғыстау облысының Маңғышылақ түбегіндегі Үстірттің батыс бөлігінде орналасқан борлы тау. Жыраны бірнеше миллион жыл бұрын тау түзілімдерінің бұзылуынан пайда болған (ежелгі каньон орнында) деген болжам айтылып келеді. 

Бозжыра халық арасында "Азу тістер" деген атқа ие болған екі борлы таудың төбесіне кез келген саяхатшы жол тауып көтеріле алмайды. Табиғат жауһарының авторы - жел мен күн. Миллиондаған жыл бұрын Маңғыстау жері Лавразия мен Гондвана суперконтиненттерінің арасын алып жатқан Тетис мұхитының мекені болды. Бозжыра даласының ең көрнекті бор тауларының биіктігі теңіз деңгейінен 200 метрге жоғары орналасқан. Мұхит суы тартылғаннан кейін көптеген ғасыр өтіп, осындай ерекше формалар қалыптасқан.

Теңіз суының тасқа айналған жануарларлар қалдығының қаншалықты жақсы сақталғаны таңғаларлық. Ғалымдар бұл жерлерден жиі табиғи кремний тапқан, ежелгі адамдар бұдан жебе ұштарын жасаған. Егер жолыңыз болып жатса, тіпті ерте замандағы бақалшықтарды немесе балықтардың тістерін таба аласыз. Мысалы, акуланың тістері.

Бозжыраның тамсанарлық табиғатын тамашалауға келуші туристтер саны жыл санап артып келеді. Тек Қазақстанның өзінен ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жатады. Кезінде танымал әнші Батырхан Шүкенов бейнебаянын түсірген. Бүгінде мұнда жарнама роликтерін және экстремалды кино түсіріледі. Кім білсін, бәлкім, болашақта осы жерде "Жұлдызды соғыстар" фильмінің бір бөлігін, не басқа бір фэнтези стилінде фильмдер түсіріліп жатар. 

Егер Бозжыра шатқалына баратын болып шешсеңіз, сіздерге берер кеңестеріміз: мұнда келу оңай емес, сол себепті гид қызметін пайдаланғаныңыз дұрыс. Мұнда ауа райы қатал әрі болжап болмайсыз, өзіңізбен бірге жылы киімдер алуды ұмытпаңыз: жазды күні де, мұнда түніде қатты суық болады. Ең тиімді уақыт - жаз мезгілі, ал егер күзді күні барар болсаңыз, онда жаныңызға кәсіби маманды алғаныңыз абзал, өйткені жаңбырлы маусымда жолдарды шайып кетеді. Бозжыраға жету біршама қиындайды. 

Туроператоры Маңғыстау даласының таңғажайып мекендерін аралауға "джип-сафари" ұсынады. Сіз барлық киелі жерлерді, жерасты мешіттерді, каньондарды, Үстірт шоқысын және басқа да табиғаттың керемет шеберлігімен салынған орындарды көре аласыз. Толығырақ мына жерден оқи аласыздар. 

Тұзбайыр

Маңғыстау табиғатының тағы бір кереметі ол - Тұзбайыр немесе Батыс Үстіртпен шектесетін тұсындағы тұзды көл. Мұнда үстірт сазды-әктас сатыларының сарқырамасымен үзіледі. Алыстан қарағанда бірден көзге түспейді, бірақ автомагистральдан бірнеше шақырым жерде орналасқан. Жолдан тек екі төрткіл таулары көрінеді, көптеген адамдар оларға аса назар аудармайды да. Тек жақындағанда ғана ежелгі мұхиттың түбінде пайда болған тамаша архипелаг панорамасын көруге болады. 

Үстірт шоқысы бұрын теңіз түбі болған. Онда үнемі саз, құм, түрлі ағзалар түсіп отырғандықтан, барлығы бір- біріне құйылып, қабаттар пайда болды. Сол себепті тәуліктің әр уақытында Тұзбайыр пейзажы өз түстерін өзгертуі таңғаларлық емес. Күндіз, күн шаңқайып тұрғанда ол қардай әппақ болады, кешке қою сүт реңкіне боялады, күн батқанда ашық қызыл түске енеді. 

Бұл жер тым құрғақ, мұнда су қоймалары жоқ. Барлық жерде жарықтар, жартастар мен шатқалдар бар. Уақыт тоқтап қалған секілденеді. Тіршіліктің сипаты тек шақырайған күн мен қатты соққан желден аңғаруға болады, олар әктас, саз және борды ауаға көтеріп, шаңдатып жатады. Айтпақшы, жел - Тұзбайырдың басты суретшісі. Өйткені, ол жартастарда керемет өрнектерді салған. Олардың кейбіреулері адамдарды, жануарларды немесе беймәлім ұшатын нысандарды еске салады. Жарқабақтың төмен жағында табиғи арка бар. Оған жету оңай емес, тек сортаң жолмен қауіпсіз жолды білетін тәжірибелі жүргізушілер оған өте жақын кіре алады. Бірнеше метр жерде мұнда Тұзбайыр күзетшісі - алып сфинкс тұр. Күн сайын ол өзінің иелігін көріп, табиғат сұлулығын ләззат алады.

Тұзбайырдың тағы бір мақтанышы - арандар. Бұл дала киіктеріне арналған тас аңшылық қоралар, оларды ежелгі адамдар салған. Жергілікті тұрғындар арандарды өткен ғасырдың 30-жылдары да қолданғаны айтылады. Бүгінде бұл Үстірт шоқының шаруашылық игеру тарихи ескерткіштері болып саналады. 

Маңғыстау табиғаты таңғаларлық. Егер сіз мұнда болмасаңыз, уақыт жоғалтпай, осында асығыңыз! Осы және басқа да көрікті орындарды көру үшін Ақтау қаласынан баруға болады. Туроператоры ұйымдастыру мәселелерін өз мойнына алады және сіздің демалысыңыз жайлы әрі танымдық болуына септігін тигізеді. Маңғышлақ түбегіне саяхат сізге ұмытылмас әсер қалдырып және кереметтей суреттерге түсуге мүмкіндік береді. Бұл өлкенің әрбір тасы осы жердің табиғи өзгерістерінің және оны мекендеген адамдардың көп ғасырлық тарихын сақтаған.

Мәтін авторы: Мадина Ашилова

Фото: Әлібек Бегалинов