"Алтай балының астанасы". ШҚО туристерді несімен қызықтырады?

Шығыс Қазақстан облысы дегенде ойыңызға не келеді? Бірден сап ете қалатыны Алтай өңірінің символына айналған марал жануары, емдік шөптерге бай ну орманды Қатон-Қарағай, көлемі бойынша әлемде үздік бестікке кіретін Бұқтырма суқоймасы, шыңында үнемі мұз қатқан Мұзтау және теңіз деңгейінен 1 500 биіктікте орналасқан Марқакөл сынды табиғи аймақтар. Kaz.tengritravel.kz порталы осы бір "Алтай маржаны" деп аталып кеткен ШҚО-ның көрікті жерлері мен онда туристерге көрсетілетін қызметтер жайлы баяндайды. 

Бір жыл еңбек етіп, демалуды не шипажайда емделуді қалайтындар үшін ШҚО таптырмас мекен. Өйткені мұнда жағажай демалысы да бар, таулы аймақтарда белсенді демалысты ұнататындар үшін де, тарихи мекендерде экскурцияны таңдайтындарға да орын табылады, сондай-ақ адам өз денсаулығын жақсартамын десе шипажайлар да жетерлік. 

Фото: visiteast.kz/Аян Махсут

Катонқарағай 

Оңтүстік Алтайда орналасқан елімізде жер көлемі бойынша ең үлкен ұлттық парк. Оның солтүстігі Ресеймен, шығысы Қытаймен, ал оңтүстігінде Темірқаба өзенін бойлай Марқакөл қорығымен шектеседі. 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді. Ауданы 643 мың гектар, оның 215 мың гектары орманды алқап, ағаштарының қоры – 24 мың текше метр, қорықтық аймақ жері 151 мың гектар. Саябақтың пайдаланылатын аумағы – 492 мың гектар.


Фото: visiteast.kz/Аян Махсут

Қатонқарағай ұлттық саябағы жануарлар мен өсімдіктердің түріне бай. Мұнда сүтқоректілердің 66 түрі, оның ішінде марал, бұлан, таутеке, аю, сілеусін, құну мекендейді. Құстардың 250-ден аса түрі кездеседі. Сирек кездесетін, қорғауға алынып, Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген ұлар, қара дегелек сынды құстар бар. Саябақ жерінде самырсын, балқарағай, қарағай, шырша, қайың, мойыл, терек өседі. Өте сирек кездесетін, жылдан жылға таралу аймағы азайып бара жатқан, Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген 40-тан аса өсімдік түрлерін де көруге болады. Мысалы, алтын тамыр, алтай рауғашы, марал түбірі сынды өсімдіктер табасыз. Сондай-ақ саябақ жері табиғат және мәдениет ескерткіштеріне де бай. Теңіз деңгейінен 4506 метр биіктікте орналасқан Мұзтау және Көккөл сарқырамалары, мәдени-тарихи ескерткіш: Берел қорғаны мен теңіз деңгейінен 3000 метр биіктікте орналасқан, теңдесі жоқ тау-кен ескерткіші - Көккөл кеніші бар.

Фото: Кабиденов Канат

Қызық дерек

Соңғы уақытта марал өсіру, оның мүйізінен, қанынан емдік процедуралар жасау мақсатында маралдарды басқа өңірлерге алып кетіп, кәсіпке айналдырып жатқандар бар екен. Алайда жергілікті тұрғындардың айтуынша, оның әсері айтарлықтай болмауы мүмкін, өйткені Қатонқарағайда мекендейтін бұл жануар "марал түбірі" деп аталатын өсімдіктің тамырымен қоректеніп, соның арқасында ерекше қасиетке ие болады-мыс. Бұл қызыл кітапқа енген өсімдік болған соң, ол көп жерде шыға бермейтін көрінеді.

Фото: visiteast.kz/Аян Махсут

Алтай балының астанасы

Бұл Коробиха ауылының екінші атауы. Қатонқарағай ұлттық паркінің аумағында, аудан орталығы Үлкен Нарын ауылынан 49 шақырым жерде таулы аймақта, Бұқтырма өзенінің бойында орналасқан шағын ауыл. Мұнда келетін туристерді осындағы жергілікті тұрғындар арасында сонау XVIII ғасырда жер ауып келген староверлердің (христиан дінінің көне ғұрыптарын сақтаушы адам) тұрмысы қызықтырады. Кезінде бұл адамдардың ата-бабалары патшалық Ресейдің қатаң режимінен қашып, жер ауған. Оларды кержактар деп те атайды. Тура мағынасында алсақ қазақтың "кері жақ" сөзінен шыққан, алайда Ресейде өздері мекен еткен аймақта Керженец деген өзен болғанын ескерсек, содан шыққан болуы да мүмкін. Кеңес заманында үлкен ауыл болғанына қарамастан бүгінде осындағы мектепте небары 35 оқушы білім алады. Мектеп бос тұрмасын деп жергілікті тұрғындар осы ғимараттың бір бөлігінен музей ашқан. Онда бірер ғасыр бұрын тұрғындар пайдаланған заттар, кітаптар мен техникалар бар.

© visiteast.kz/Александр Кузнецов

Мұндағы жұртшылықтың негізгі кәсібі - омарташы деуге әбден болады. Әрбір үйде омарта болғанымен, араның ұялары тау шатқалдарына жақын маңда орналасқан. Жергілікті аралар тозаңды әр түрлі жабайы шөптерден жинайды. Орта орыс арасы (среднерусская) деп аталатын араның бұл түрі осы және Бекалка, Фыкалка деп аталатын ауылдарда ғана мекендейді, басқа аймақта олар араласып кеткен. 

Бұқтырма суқоймасындағы шағалалар. Фото: Татьяна Исенева

Бұқтырма 

Әлемдегі ең ірі әрі әдемі жасанды суқоймаға жатады. Оның аумағы 5490 шаршы шақырым. Суқойманың алып аумағында көптеген бұғаздар мен айлақтар бар. Бұқтырман суқоймасын көпшілік теңіз деп те атайды, олай деуге негіз бар. Мұнда балық шаруашылығы жақсы дамыған. Форель өсіріп, түрлі өнімдерін жергілікті тіпті шетелдік нарыққа шығарып жатқан кәсіпкерлерде жоқ емес. Бұқтырманың барлық аймағында дерлік пансионаттар, шипажайлар және демалыс базалар салынған. Ғажайып пішінді жартастар, көркем ландшафт, құмайт жағалаулар мен тыныш бухталар естен кетпес жағалау панорамасын суреттейді.

Айта кетейік, таяуда ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы Қазақстанның қонақүйлер статистикасы жариялады. Сондағы рейтингке сәйкес ШҚО қонақүйлер, демалыс орталықтары, шипайжалар бойынша көш бастап тұр

Этноауылдағы украиналық хутор Фото: Юлия Клыгина

Этноауыл 

Өскеменнің солтүстік жағалауында экосаябақ маңында этноауыл бой көтерген, онда 13 ұлттың үйлері бар. Ауылдың жалпы көлемі - 7 гектар. Этноауыл - бір көшенің бойында орналасқан. Мұндағы басты "фишка" әр үйде сол ұлттың киімін киген адам күтіп алып, ұлттық сусындары мен тағамдарынан дәм татқызады. Мысалы грузин үйінде - шарап пен жүзім, украин үйінде каравай мен настойка, ал әзербайжан үйінде тандыр нан.  


Фото: kaz.tengritravel.kz

Шығыс Қазақстан облыстық тарихи – өлкетану мұражайы

Шығыс Қазақстан облыстық тарихи – өлкетану мұражайы республикамыздағы ескі мұражайлардың бірі. Ол Халықтар үйі жанында 1915 жылдың өзінде ұйымдастырылған болатын. 1946 жылға дейін бірнеше рет жабылып, кейін қайта ұйымдастырылған. Аталмыш ғимаратта мұражай қазіргі уақытқа дейін өз жұмысын атқарып келеді. Қазіргі таңда мұражай ежелгі дәуірлерден бастап біздің заманымызға дейінгі Шығыс Қазақстан тарихы ескерткіштерінің ең ірі сақтау қоймасы болып саналады. Шығыс Қазақстан облысындағы тарих пен мәдениеттің ірі орталығы ретінде тарихи – өлкетану мұражайы екі рет бұрынғы КСРО-да ең мықты мұражай ретінде танылған.

Экспозиця келесідей залдарда орналастырылған: табиғат, тарих, археология, этнография, ежелгі Қазақ Алтай көшпелілерінің мәдениеті, Ұлы Отан соғысы тарихы залы, Өскемен тарихы залы, көрме залдары. Мұражай қоры 140 мыңнан астам көрме қойылымдарын қамтиды. Солардың ішінде жалпы көрініске тек 10 мыңы ғана ұсынылған. Бұл – экспозициялық жерлердің аздығымен түсіндіріледі.

Мұражай залдарының бірінде Шығыс Қазақстан облысы табиғатының байлығы көрсетілген. Бұл облыста сүтқоректілердің 114 түрі, құстардың 400 түрі, өсімдіктердің 3500 түрі, 15 мыңнан астам жәндік түрлері ұсынылады. Қорларда этномологиялық, орнитологиялық, зоологиялық, минерологиялық, палеонтологиялық, ботаникалық топтамалар, құстар мен сүтқоректілердің тұлыптары сақталған.

Фото: visiteast.kz/Аян Махсут

Шілдеде ШҚО Туристік ақпараттық орталық "Алтай маржаны" атты инфо-тур өткізді. Еліміздің әр өңірінен келген туризм саласының мамандары Шығыстың біршама көрнекі жерлерін аралап, табиғатына тамсанып қайтты. Мекеменің жетекшісі Татьяны Исеневаның айтуынша, бүгінде ШҚО аумағында туристерді қабылдауға 289 демалыс орталықтары бар, ол дегеніміз 19 мың төсек-орын бар деген сөз. 

"Алтай аудандық дене шынықтыру, спорт және туризм" ММ басшысы Арман Асқатовтың айтуынша, Осиновский шатқалында туристер үшін көру алаңын салу жоспарланған. Фото: visiteast.kz/Аян Махсут

"Былтыр өңірге 500 мыңнан аса турист келген, 2020 жылмен салыстырғанда туристер ағыны екі есе (239 мың) өскен. Саяхатшыларға 3,4 миллиард теңгеге қызмет көрсетілген. 2021 жылы өңірде туризм саласына 18,5 миллиард теңге инвестиция тартылған. Мемлекеттік бағдарлама аясында облыста 4 нысанды дамыту көзделген, бұлар - Бұқтырма суқоймасы, Қатонқарағай ұлттық паркі, Риддер қаласындағы және Глубокое ауданындағы тау-шаңғылы кластері", - дейді Татьяны Исенева.

Фото: visiteast.kz/Аян Махсут

Бұқтырма суқоймасының маңындағы демалыс базалары. Фото: visiteast.kz


Фото: visiteast.kz/Аян Махсут

Пляж "Sunrise Скалистый". Фото: visiteast.kz/Аян Махсут

Коробиха ауылында қонақтарды караваймен күтіп алады. Фото: visiteast.kz/Аян Махсут

Меломан тревел бағытыны басшысы Ольга Цыганкованың айтуынша, көптеген қазақстандық туристер ШҚО-ның табиғатын алғаш көргенде "мұндай жер біздің елде бар ма?" деп таңғалатынын айтады. 

"Шет елдерден келетін туристер көбіне белсенді демалысты ұнатады, палаткада түнеп, табиғатпен оңаша қалуды көздейді. Олардың тағы бір ерекшілігі 5-6 күнге емес, бір-екі ай бұрын қайда баратынын жоспарлап, кемінде он күндік турға келеді. Кейде қайда баруын біз ұсынамыз, кейде олар өздері зерттеп, нақты бір жерлерді көргісі келетінін айтып жатады. Қазір ғана жанармай бекетінде Швейцариядан келген мотокросшілерді көрдік. Олар 6 мотоциклмен Рахман қайнарындағы біздің демалыс орталығымызға бара жатыр. Негізінен біз отандастырымыздың осында көбірек келуін қалаймыз, өйткені өз табиғатынан, тарихынан рухтанған адам патриот болады деген сенімдеміз", - дейді Ольга Цыганкова.


Демалыс базаларында балалар алаңы жетерлік. Фото: kaz.tengritravel.kz

Фото: visiteast.kz/Аян Махсут

Кейбір демалыс базаларында қонақтарды осындай жүк тасығыш көлікпен күтіп алады. © kaz.tengritravel.kz

Марал мүйізінен түрлі емдік шаралар (ванна, сауна, фито-бөшке) ұсынылады. Фото: visiteast.kz/Аян Махсут

Маралдың мүйізін кесу процесі. Фото: visiteast.kz/Аян Махсут

Кесілген мүйіздер. Фото: kaz.tengritravel.kz

Германиядан келген турист. Фото: kaz.tengritravel.kz

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Айдос Косубаев (@kosubayev)

Қалай жетуге болады

ШҚО-да көлік тасымалының барлығы бар: Еліміздің мегаполистерінен Өскеменге тікелей әуерейстері бар, пойыз жүреді, салыстырмалы түрде автомобиль жолдары жақсы және Ертіс өзені мен Бұқтырмада "өзен вокзалдары" бар. Яғни өзен, көлдерде қайықпен жүзесіз, ал Бұқтырмада көлігіңізбен бірге пароммен суқойманы кесіп өтесіз. Ауа райы да таңғалдырмай қоймайды: жазда шыжыған ыстық болса, қыста қақаған аяз. Бірақ жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұнда жазғы маусымның біршама уақытын қыс мезгілі алып қойған. ШҚО-дағы қысқы маусымның ерекшелігі мүлде бөлек әңгіме.  

Фото: visiteast.kz/Аян Махсут

Фото: kaz.tengritravel.kz

Ал сізді Шығыс Қазақстан несімен таңғалдырды?


материал ШҚО Туристік ақпараттық орталық қолдауымен әзірленді