Танымал туристік бағыттар қай айда арзандайтыны белгілі болды

Саяхатшылар сапарлайтын айларды дұрыс таңдаса, Мальдив аралдарына 85% жеңілдікпен бара алады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Travel + Leisure мәліметінше, 2023 жылдың соңында Bounce зерттеу нәтижелерін жариялады. Онда әлемнің танымал туристік бағыттарының ең арзан кезеңдері көрсетілген.

Нақты мерзімді анықтау үшін Bounce 70 танымал туристік орынның тізімін жасақтады. Содан кейін жыл айлары мен апта күндері бойынша қонақүйдің орташа құнын табу үшін Kayak туристік іздеу жүйесін пайдаланды. Осы мәліметтердің негізінде жылдың ең арзан және ең қымбат айларында үш жұлдызды қонақүйдің орташа баға айырмашылығын есептеді.

Bounce деректерді талдау барысында жыл мезгілі саяхат құнына қалай әсер ететінін зерделей келе "қаңтар - ең арзан ай" деген қорытындыға келді. Яғни қаңтар айында ақшаңызды үнемдеп, 15 түрлі қалада төмен бағада демала аласыз. Бұлардың қатарында Лондон, Амстердам және Берлин сияқты танымал туристік бағыттар бар.

Екінші орынға ақпан айы тұрақтады. Дәл осы айда Нью-Йорк, Париж және Миланды қоса алғанда, 12 түрлі қалада төмен бағада саяхаттауға болады. Сондай-ақ Мальдив аралдары сияқты қымбат бағыттарды таңдаған саяхатшылар қаңтардан тамыз айына дейін барса, 85 пайызға дейін үнемдей алады.

Енді саяхаттау арзанға түсетін күндерге келер болсақ, зерттеу қорытындысы таңғалтпай қоймайды. Себебі көптеген адамда сенбі күні саяхатқа шығу қымбатқа түседі деген пікір қалыптасқан. Сонымен туристер сенбіде Лас-Вегас, Дублин және Милан сияқты орындарды қоса алғанда, 17 қалада ең арзан бағада тұра алады екен.

"Бұл әртүрлі факторларға байланысты болуы мүмкін. Оның ішінде демалыс күндері іссапарларға сұраныстың төмендігі де әсер етуі ықтимал. 2022 жылғы зерттеуімізде де сенбі - ең арзан күн болды", - деп атап өтті компания.

Жексенбі, жұма және дүйсенбі күндері екінші орыннан көрінді. Аптаның дәл осы күндері Прага, Барселона, Рим, Сингапур және Майами сияқты ірі бағыттарды қоса алғанда, 10 түрлі қалаға тиімді бағада саяхаттауға болады.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!