Бала вокзалда адасып қалса, не істеу керек

Әр ата-ананың ең үлкен қорқынышы - саяхат кезінде вокзалда баласын жоғалту. Егер осындай жағдайға тап болсаңыз, не істеу керек? Осы сауалға жауап алу үшін Tengritravel.kz тілшісі ҚТЖ баспасөз қызметіне хабарласты.

Егер бала жоғалса...

Ең алдымен, тынышталып, жағдайды бағамдау керек. Барынша сабырлы болуға тырысып, онсыз да қымбат уақытты жоғалтпау үшін үрейге салынбау қажет. Дереу вокзал қызметкерлеріне хабарласып, болған жағдайды хабарлау қажет. Олар бірден баланы іздеуге кірісіп, көмек көрсетеді.

Вокзал қызметкерлеріне жүгінген кезде баланы толықтай сипаттап беру керек. Атап айтқанда баланың қалай киінгенін, жасын, шашының, көзінің түсін, өзіне тән белгілері бар-жоғын көрсеткен жөн.

Сондай-ақ арнайы хабарландыру жүйесін қолданған жөн. Хабарламада баланың нақты сипаттамасы және анасының байланыс деректері анық айтылуы керек.

"Сонымен қатар вокзалдағы полиция қызметкерлеріне де жүгінген жөн. Олар іздеу жұмыстарын ұйымдастырады және қосымша қолдау көрсетеді", - деп атап өтті ҚТЖ.

Егер ата-анасынан адасқан баланы тапсаңыз

Жанында ересектер жоқ баланы байқаған кездер де болады. Мұндай жағдайда не істеу керек? Бұл ретте де вокзал қызметкерлеріне жедел хабарласу қажет.

"Кезекшілерге балалар күту залында жалғыз болған жағдайда қалай көмек көрсету керектігі туралы нұсқау берілді. Ең әуелі олар баланың шынымен жалғыз екеніне көз жеткізеді. Себебі ата-анасы жақын жерде жүрген болуы мүмкін. Егер бала жылап жүрген болса, онда ең алдымен оны тыныштандырады. Содан кейін баладан вокзалға қалай және кіммен келгенін, ата-анасы қайда екенін сұрайды. Сосын баланы вокзал бастығының көмекшісінің бөлмесіне ертіп барады. Онда әрдайым балаға қажет азық-түлік табылады. Бала шай ішіп жатқанда, вокзал қызметкерлері ата-анасын іздей береді", - деп атап өтті ҚТЖ.

Бұл уақытта баланың жоғалғаны туралы хабарландыру беріледі. Хабарландыру кезінде баланың орналасқан жері айтылады.

"Саяхат алдында балаларға теміржолда, оның ішінде вокзалда, перронда, пойызда жүріп-тұру ережелерін түсіндіруді сұраймыз. Балаларға бейтаныс адамдармен кетуге болмайтыны ескертілуі керек. Сонымен қоса балалар вокзалда көмек алу үшін теміржолшылардың киімін киген қызметкерлерге жүгіне алатынын білуге тиіс", - деп қосты ҚТЖ.

Бұдан бөлек сарапшылар баланы форс-мажорлық жағдайларға алдын ала дайындау қажет дейді. Мысалы, балаға арнайы бейдж жасатуға болады. Онда оның аты-жөнін, жасын, ата-анасының байланыс деректерін көрсету керек. Сонымен қатар сапарға шықпас бұрын, баланың не киетінін, қандай түсті киім киетінін нақты білу үшін суретке түсіру керек екен.

Сарапшылар баламен бірге қоғамдық орындардағы мінез-құлық ережелерін бірнеше рет қайталауға кеңес береді. Бала кенеттен жоғалып кетсе, қайда бару керек, кімге қоңырау шалу керек екенін білуге тиіс.

Сондай-ақ балаға адам назарына бірден түсетіндей ашық түсті киім кигізген дұрыс. Мысалы, қалпақ, бейсболка, шалбар.

Дегенмен ең дұрысы - мұндай жағдайдың алдын алып, баланың қолынан ұстап жүру және көзден таса қылмау екенін естен шығармаңыз.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!