Әуежай жұмысы көңіліңізден шықпаса, қайда шағымдануға болады

Астана әуежайына, оның қызметкерлерінің жұмысына шағымыңыз болса, немесе керісінше, қызметін жақсартуға қатысты ұсыныстарыңыз болса, әуежай әкімшілігіне хабарласуға болады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Әуежайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, өтініш заңнамаға сәйкес қаралатын болады.

"Әуежай әкімшілігі жіберілген хаттарды уақтылы қарастырады", - деп атап өтті әуеайлағының өкілдері.

Сонымен әуежай әкімшілігіне келесі тәсілдер бойынша хабарласа аласыздар:

Тікелей. Астана қаласы, Қабанбай батыр көшесі, 119 мекенжайы бойынша әуежай әкімшілігіне бара аласыз. Азаматтар жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін қабылданады. Үзіліс уақыты:13:00-ден 14:00-ге дейін;

Пошта арқылы. Өзіңіздің байланыс деректеріңізді көрсете отырып, қандай өтінішпен жүгінгеніңізді егжей-тегжейлі жазып, хатты жоғарыда көрсетілген мекенжайға жібере аласыз. Бұл ретте "Қазпошта" АҚ немесе басқа да пошта байланысы компанияларының қызметтерін пайдалана аласыз;

Электронды. Өтінішті E-otinish бірыңғай платформасы арқылы беруге болады. Мұнда азаматтардың барлық өтініші қабылданып, қарастырылады. Ол үшін әуежайдың ақпараттық стендтерінде орналасқан QR кодын сканерлеп, сайтта орналастырылған форманы толтыру қажет. Сонымен қатар сайтқа кіріп, "мемлекеттік органдарға жүгіну" бөлімін таңдауға да болады.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!