"Пойыздағы тарақандар". ҚТЖ жолаушының шағымына жауап берді

Желіде пойыз вагондарының жай-күйіне шағымданатындар көбейген. Бірер күн бұрын астаналық "Алматы - Қостанай" бағытында купедегі тарақандарға шағым жасады. Аталған пойызға жеке компания жауапты екені анықталды. Соған қарамастан ҚТЖ астаналықтың сауалына жауап берді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Баспасөз қызметі атап өткендей, "Жолаушылар тасымалы" компаниясы пойыздарда санитариялық талаптардың сақталуына ерекше назар аударады.

"Әлеуметтік желілерде жолаушылар жәндіктердің анықталғаны туралы ақпаратты жариялап жатады. Бұл шағымдар тек ұлттық тасымалдаушыға ғана емес, жеке тасымалдаушыларға да қатысты болуы мүмкін. Себебі Қазақстанда олардың саны 14-ке жеткен. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен санитариялық ережелерге сәйкес рейске шығар алдында әр вагон дезинфекцияланады. Пойыздарда санитариялық тазалауды жүргізу үшін бейінді компаниялар тартылады", - деп атап өтті компания.

Сонымен қоса ведомствоның баспасөз қызметі пойыздарда санитариялық тазарту жүргізілгенде үш негізгі процедура қолданылатынын айтты:

· Дезинфекция - әр рейс алдында жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын жою және теріге, шырышты қабаттарға токсиндердің түсуін болдырмау мақсатында жүргізіледі;

· Дезинсекция - кәсіби түрде барлық жәндікті, соның ішінде кенелерді, бүргелерді, биттерді, масаларды, шыбындарды, құмырсқаларды, тарақандарды жояды. Айына кемінде бір рет эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі;

· Дератизация - кеміргіштердің таралуына қарсы жүргізілетін шаралар кешені. Айына кемінде бір рет эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.

"Өңдеуден кейін арнайы комиссия вагондарды тексереді. Жәндіктер анықталған жағдайда вагондар қайта дезинсекцияланады. Пойыздарды өңдеу үшін жолаушылардың денсаулығына қауіп төндірмейтін "Циперметрин 25", "Титаник", "Фаворит В.К. Э" тәрізді құралдар қолданылады. Сөйтіп вагондар 6-8 сағатқа жабылады", - деп түсіндірді ҚТЖ.

Кейін пойыз толық тазартылып, рейске жіберіледі.

Еске салсақ, 25 қаңтарда оқырманымыз елордадан Қостанайға сапары кезінде купесінен тарақан табылғанын хабарлаған болатын.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!