Қазақстанның 22 әуежайы шетелдік инвесторларға берілуі мүмкін

Қазақстан 20-дан аса отандық әуежайды еуропалық инвесторлардың басқаруына беруге дайын. Еліміздің Көлік министрі Марат Қарабаев осылай деді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, Брюссельде өткен Global Gateway инвестициялық форумының ашылу салтанатында министр Марат Қарабаев Еуроодақ пен Орталық Азия арасындағы тұрақты көлік дәлізін дамыту жөнінде сөз сөйлеген. Дәл осы жерде бірқатар отандық әуежайдың инвесторлар қолына берілетіні айтылды.

"Азаматтық авиация саласын дамыту және континенттік транзиттік хаб құру үшін инвесторларға отандық 22 әуежайды басқаруға беру жоспарланған", - деді министр.

Сонымен қоса, көлік министрлігінің басшысы Марат Қарабаев Брюссель қаласында Бельгия премьер-министрінің орынбасары Жорж Гилькинемен кездесті. Кездесу барысында Еуропа мен Қазақстан арасындағы көлік дәліздерін кеңейту, сондай-ақ екі елдің көлік саласындағы ұзақ мерзімді өзара тиімді ынтымақтастығын дамыту және нығайту мәселелері талқыланды.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!