Қазақстанда халықаралық әуе рейстері толық дерлік қалпына келтірілді. Бүгінгі таңда 25 елмен аптасына 257 халықаралық әуе рейс орындалады, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елімізге немесе елімізден ұшатын отандық және шетелдік әуе компаниялары өз қызметін толық көлемде жалғастырып жатыр. Олар әуе компанияларының ресми сайттарында жарияланған кестелерге сәйкес орындалады.
"Бүгінгі таңда 25 елмен (Армения, Әзербайжан, Беларусь, Ұлыбритания, Венгрия, Вьетнам, Германия, Грузия, Үндістан, Катар, Корея, Қырғызстан, Мальдив аралдары, Нидерланды, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Польша, Ресей, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Украина, Шри Ланка) 76 бағытта аптасына 257 рейс орындалып жатыр", - делінген ведомствоның хабарламасында.
Төтенше жағдай кезінде ұшпай қалған әуе рейстерінің жолаушылары билет құнын толық қайтарып немесе сатып алған жерлеріне барып, басқа күндерге тегін ауыстыра алады.
Елдегі эпидемиологиялық жағдайға сәйкес әуе рейстері Қазақстан Республикасының Көліктегі Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2022 жылғы 13 қаңтардағы №3 қаулысына сәйкес орындалады.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде 57 ішкі бағытта 605 ішкі тұрақты әуе рейсі орындалып жатқаны хабарланды.
Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!