Қазақстандық туристер кореялық әншілердің кешіне жиналды

Қазақстандықтардың кореялық сүйікті әншілері елордада концерт берді. Мәдени шара Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы 2022-2023 арасындағы өзара мәдени алмасу жылының басталуын білдіреді. Елдер екі жыл ішінде туристік және мәдени алмасу жөніндегі түрлі іс-шараны ілгерілетуді жоспарлап отыр, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.

Кореяның Мәдениет, спорт және туризм министрлігі Корея елшілігінің Корей мәдени орталығымен және Корея Халықаралық мәдени алмасу қорымен (KOFICE) бірлесіп, Нұр-Сұлтан қаласында "Сәлем! K-Pop Festa" шарасын өткізді. Концертке Алматыдан Нұр-Сұлтанға арнайы келген Гүлтай Хасенова биыл күзде Оңтүстік Кореяға баруды жоспарлап отырғанын айтты.

"Бұл әншілерді 2018 жылдан бері тыңдаймын. Талантты өнерпаздар. Пандемияға дейін 2019 жылы Оңтүстік Корея турист ретінде барып келдім. Одан сайын қызығушылығым артты. Карантиннен кейін мұндай концертке келіп, көңілім көтерілді. Мұнда Кореяға барғысы келетін туристер жиналды деп ойлаймын. Осындай концерт ұйымдастырған Корей мәдени орталығына алғыс айтамын... Қазір карантин шектеулері жоқ. Шекаралар ашылды және менің күзде Сеулге барамын деген жоспарым бар", - деді Гүлтай Хасенова. 

 Фото: Гүлтай Хасенова

Айта кетейік, 2019 жылы Корея мен Қазақстан 2022 жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай өзара мәдени алмасу жылын ілгерілету туралы келісті. Ал осы жылдың мамырында елдер "Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы 2022-2023 арасындағы мәдени алмасу жылына" қатысты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

"Қазақстан - Кореяның Орталық Азиядағы ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. екі елдің дипломатиялық қатынасына биыл 30 жыл толып отыр... Бүгінде Қазақстанда 108 мыңға жуық корея диаспорасы тұрады... Былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяға мемлекеттік сапармен барғанда Қазақстандағы корей диаспораның рухани көшбасшысы, генерал Хон Бом Доның сүйегі тарихи отанына қайтарылған еді. Сол кезде кореялықтардың жүрегі елжіреп, қазақстандықтарға алғыс білдіріп, Қазақстанға деген қызығушылығы артты. Сондай-ақ, қазақстандықтардың арасында Кореяға саяхат жасағысы келетіндердің көп екенін білемін. Бірнеше қалаға барғанда корей тілінде еркін сөйлейтін қазақстандықтарды көрдім", - деді Корея Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг Сок.

Фото: Корей мәдени орталығы 

"Сәлем! K-Pop Festa" концерті қазақстандықтар арасында танымал болғаны соншалық, барлық 2420 билет сатылымы ашылғаннан кейін 3 сағат ішінде бітіп қалған. Олар үшін Бэк Джи Ён, Highlight және VIVAZ әртістері өнер көрсетті.

K-Pop концертінен басқа, биыл Кореяда да, Қазақстанда да өзара мәдени алмасу жылына орай 12 іс-шара өткізіледі. Екі елдің тұрғындарын корей суретшісі Пак Дэ Сонгтың корей кескіндеме көрмесі (24 маусым мен 14 тамыз аралығында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде), Суми Чоның классикалық музыка концерті (қыркүйекте "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрында), сондай-ақ "Астана Опера" труппасының гастрольдік концерті (шілде-желтоқсан, Корея Республикасы) өтеді деп жоспарланған.

Корея Республикасы мәдениет, спорт және туризм министрлігінің өкілі: "Орталық Азияның жүрегі болып саналатын Қазақстан Шығыс пен Батысты жалғастыратын "Жібек жолының" басты өзегі болды. Мәдени алмасу жылының негізінде елдеріміз арасында мәдени "Жібек жолын" құрып, мәдениет, спорт және туризм салаларындағы алмасуларды жандандыруға, сондай-ақ өзара сенім мен түсіністікті тереңдетуге үміттіміз".

Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!