Қазақстан аумағынан 674 шетел азаматы шығарылды

Ішкі істер министрлігі 674 шетелдіктің елден шығарылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ішкі істер министрлігі шетелдіктердің көші-қон заңнамасын бұзу дерегін анықтауға бағытталған "Мигрант" жедел-алдын алу шарасының қорытындысын шығарды.

"Көші-қон заңнамасын бұзғандарды ел аумағынан шығару туралы 674 сот шешімі шығарылды. Барлық шығарылғандарға бес жылға Қазақстанға кіруге тыйым салынды. Өз елінде қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген 22 шетелдік ұсталды", - деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.

Ол 2022 жылдың қарашасында Жамбыл облысында Шекара қызметі мен ҰҚК бірлесіп Қазақстанға заңсыз кірген Пәкістанның тоғыз азаматын, Қырғызстанның бір азаматын анықтағанын айтты.

Тұрлыбек аталған дерек бойынша, сондай-ақ заңсыз көшіп келушілерге баспана берген тұлғаларға қатысты соталды тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!