Жаңажылдық мерекеде қанша жолаушы пойызбен қатынады?

Өткен жылдың 29 желтоқсанынан 2024 жылдың 2 қаңтарына дейін ауа райының қолайсыздығына байланысты автомобиль қозғалысы тоқтатылған елді мекендерден 10 мыңнан аса жолаушы шығарылды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі "Қазақстан темір жолы" баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз ету және жаңажылдық мерекелерде халықтың жоғары сұранысын қанағаттандыру үшін ҚТЖ-да пойыздарда орын санын ұлғайту бойынша жедел шаралар қабылданған.

"Астана - Алматы - Астана және Астана - Шымкент - Астана бағыттары бойынша стандартты вагондардан қосымша пойыздар тағайындалды. Астана - Көкшетау, Астана - Бурабай курорты, Астана-Атбасар, Павлодар-Астана бағыттары бойынша 6 қосымша қала маңы пойызы ұйымдастырылды. Ең көп сұранысқа ие бағыттар бойынша 296 қосымша тіркеме вагон жолға шығарылды", - делінген компания хабарламасында.

Мерекелік тасымалдау кезеңінде барлығы 189 жолаушылар локомотиві жолға шығарылды. Вокзалдарда қар мен пайда болған мұзды жинау жұмыстары жүргізілді, ол үшін 25 арнайы техника мен 295 қызметкер жұмылдырылды.

"Күн сайын еліміз вокзалдарында 600 астам қызметкер күшейтілген режимде жұмыс істеді. Олар жолаушыларды пойыздар қозғалысы туралы және барлық өзгерістер мен толықтырулар туралы хабардар етті, жолаушыларды вагондарға отырғызуды және түсіруді ұйымдастырды", - дейді ҚТЖ өкілдері.

Сонымен қатар, тәулік бойы теміржол инфрақұрылымын қардан тазарту жұмыстары жүргізілуде. 37 мың текше метрден астам қар шығарылды, 12,9 мың шақырым жол тазартылды. 90 астам мамандандырылған қар тазалау және қардан аршу техникасы мен 4,6 мыңнан астам жұмысшы жұмылдырылды.

29 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында "1433" жолаушыларға арналған бірыңғай телефон анықтамалық қызметіне 20,6 мыңнан астам қоңырау түсті. Өтініштердің шыңы 30 желтоқсанда орын алды, бұл күні 7,5 мыңнан астам қоңырау келіп түскен.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!