Ерте брондау кезінде Алакөлдегі демалыс құны қандай болады?

Демалысты ерте брондау - бұл туристерге көп ақша үнемдеуге мүмкіндік беретін танымал тәжірибе. Kaz.tengritravel.kz тілшісі Алакөлдегі демалысты қазірден бастап брондаудың қаншалықты тиімді екенін және мұның қандай артықшылығы барын айтып береді.

Алакөлде тек жазда демалуға болады, бірақ ерте брондау акциялары қазір - ақпанда басталды. Әлеуметтік желілерден көптеген жарнама таба аласыз. Туристік агенттіктер бестен 20 пайызға дейін жеңілдіктер береді.

Қазақстандық туроператорлардың бірінің өкілі Светлана Ошерованың айтуынша, ерте брондау кезінде үнемдеуді күтудің қажеті жоқ.

"Тек тұру кепілдігі болады, өйткені өткен жылдың тәжірибесі бойынша, Алакөлге барлық тур маусымның басында толық сатылған", - деді ол.

Маман қазірдің өзінде бірнеше демалыс базалары брондауға қолжетімді екенін атап өтті. Олардың бірінде күніне үш рет тамақтанатын екі орындық бөлмеде тұру 24 353 теңге болады.

"Туроператорларда кейбір қонақүйде тұру бағасы турист демалыс базасымен тікелей байланысып, сатып алғаннан төмен болуы мүмкін. Өйткені біз шартты түрде "көтерме" бағамен сатамыз. Сонымен қатар, туроператорлар әрдайым пакеттік турларды ұсынады. Бұл туристер үшін ыңғайлы, әртүрлі қызмет көрсетушіден әртүрлі компонентті іздеудің қажеті жоқ", - деп қорытындылады Светлана Ошерова.

Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының демалыс базалары ерте брондау бойынша ұсыныстарын жасады. Сіз оларды өз сайттарында және әлеуметтік желілерден көре аласыз. Көптеген орын хабарлама жарияламаған болса да, жүгінген туристерге жеңілдік беруге дайын. Негізгі шарт - алдын ала толық төлем. Айтпақшы, кейбір демалыс орны кепіл ретінде соманың бір бөлігін қабылдауға дайын.

Бөлмелерді дәл қазір - ақпанда брондау ең тиімді уақыт. Тұру бағасы 15 пайызға дейін арзан болады. Келесі айларда және маусымға дейін жеңілдік пайызы біртіндеп төмендейді.

Көптеген демалыс орталығы қонақтарға күніне үш рет тамақтану ұсынады. Кейбіреуі трансфер ұсынуға және демалыс базасына, мысалы, станциядан жеткізуге дайын. Ұсынылатын шарттарға байланысты күніне үш рет тамақтанатын екі адамға арналған бөлменің құны шамамен 15-20 мың теңгені құрайды.

Ең маңызды жаңалықтар - біздің Facebook парақшамызда! Дəл қазір жазылып алыңыз!