Елімізде қанша пойыз, вагон бар? Тозығы жеткендерді қалай алмастырылатыны айтылды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Темір жол арқылы жолаушылар тасымалы саласындағы ахуал туралы Көлік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қасым Тлепов баяндады.


Темір жол арқылы жолаушылар тасымалы саласындағы ахуал туралы Көлік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қасым Тлепов баяндады.

Оның ақпаратына сүйенсек, бүгінде Қазақстан аумағында 130-дан астам жолаушылар пойызы қызмет көрсетеді. Жылжымалы құрам паркінде 2 мың 600 дана жолаушы вагоны бар. Вагондардың орташа тозу деңгейі 46 пайызды құрайды. 900-ден астам вагонның пайдалану мерзімі 30 жылдан асып кеткен. Тозығы жеткен вагондар сұраныстың өсуі кезінде пойыздарға қосылады.

Соңғы 10 жылда 1 мың 100 дана жаңа вагон, оның ішінде 600-ге жуық «Тұлпар-Тальго» вагоны сатып алынды. Биылғы жылы тағы 73 вагон сатып алынбақ.

Салада қалыптасқан ахуалды жақсарту мақсатында бірқатар кешенді шаралар қабылдануда. Мәселен, швейцариялық Штадлер компаниясымен бірлесіп 537 жаңа вагон шығару көзделіп отыр. Вагондарды сатып алуға несие беру кезінде сыйақы мөлшерлерлемерін субсидиялау тетігі де қарастырылған.

Сонымен қатар жолаушылар вагондарының жай-күйіне және сервис сапасына қойылатын талаптар да күшейтілуде.

Баспасөз конференциясы барысында Қасым Тлепов жолаушылар пойыздарына бақылаудың күшейтілгенін айтты. Атап айтқанда, 2022 жылдың алғашқы бес айында 200 жолаушылар пойызына тексеріс жүргізілген. Тексеріс қорытындысы бойынша 431 жолаушыларды тасымалдау қағидаларының талаптары бұзылғандығы анықталған. Бүгінгі күнге дейін 31,2 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілді.

Отандық темір жол және әуе тасымалдаушы компания өкілдері баспасөз конференциясы барысында жол жүру билеттерінің өсуі мен сервис сапасы жайында, сондай-ақ рейстердің келу және жөнелтілу барысында туындаған мәселелер төңірегінде де түсініктеме берді.  

TengriTravel