БАӘ - Қазақстан: жаңа әуе тасымалдаушылары тағайындалды

БАӘ мен ҚР арасында "ашық аспан" режимін 2027 жылдың соңына дейін ұзарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, - деп хабарлайды ТengriTravel.kz тілшісі Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.

"Қазақстан Республикасы Президентінің Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми іссапары барысында 2023 жылғы 17 қаңтарда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі М.Қарабаев пен экономика министрі - БАӘ Азаматтық авиация бас басқармасының төрағасы ҚР-да ұшуларды орындау кезінде "ашық аспан" режимін 2027 жылдың соңына дейін ұзарту туралы уағдаластыққа қол жеткізді", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде БАӘ тарапынан жаңа әуе тасымалдаушылары тағайындалды (Wizz Air Abu Dhabi, Air Arabia Abu Dhabi).

Жалпы, тараптар азаматтық авиация саласындағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.

"Әуе тасымалы саласындағы құқықтарды кеңейту ҚР мен БАӘ арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететінін атап өту маңызды", - делінген ААК хабарламасында.