Астана - Франкфурт рейсі неміс кәсіподақтарының ереуілге шығуына байланысты ұшпады

Астана - Франкфурт рейсі неміс кәсіподақтарының ереуілге шығуына байланысты ұшпады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

"Германияда неміс кәсіподақтарының әуежайда ереуілге шығуына байланысты 17 ақпанда КС921/КС 922 Астана - Франкфурт - Астана рейсі ұшпайтын болды. Тоқтатылған рейстердің жолаушыларына билет құнын толық қайтару не 10 наурызды қоса алғанға дейін орындалатын рейстерге айыппұлсыз қайта брондау мүмкіндігі беріледі", - делінген Air Astana хабарламасында.

БАҚ мәліметінше, Verdi кәсіподағы Германия әуежайларында ірі ереуіл жариялады. Кәсіподақтың баспасөз релизінде былай делінген: ереуілдерді жариялауға - қоғамдық қызмет көрсету саласындағы федералды және коммуналдық деңгейдегі кәсіпорындарда жұмыс берушілермен сәтсіз тарифтік келіссөздер, әуежайлардың жер үсті қызметтері мамандарының жалақысына қатысты жергілікті келіссөздер, сондай-ақ авиациялық қауіпсіздік қызметкерлерінің жалақысы бойынша федералды деңгейдегі келіссөздер себеп болды.

Айта кетейік, таяуда Lufthansa әуекомпаниясы IT-ақауға байланысты жүздеген рейс ұшпады. Техникалық ақауға байланысты екі жүзден аса рейс ұшпады, тағы ондаған рейс кейінге қалдырылды. Әуекомпания өкілдерінің айтуынша, темір жол маңында орналасқан оптикалық-талшықты кабель құрылыс жұмыстары кезінде үзілген. Соның салдарынан Франкфурт әуежайында тіркеу, отырғызу және басқа да жүйелер істен шыққан.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!