Арша махаббаты, Альпиниада және қар адамы. Шымкент маңы туристерге несімен тартымды?

Шымкент қаласында демографиялық хал-ахуалдың қарқынды дамуының себебін қиял-ғажайыпқа сүйеніп айтар болсақ, бұл аймақта мың жыл өмір сүретін арша ағашымен байланыстыруға болады. Әрдайым жасыл түске боялған бұл өсімдік түрінің таулы, биік аймақта өсетінін айтпағанда, тағы бір ерекшелігі - ағаштың ер (аталық) және әйел (аналық) болып бөлінетінінде. Мезгілінде аталық арша тозаң шашып, ал аналық арша оны қабылдайды. Осылайша, өсімін арттырады. 2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласының маңында Адам ата мен Хауа ана жартасы және Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған Қазығұрт тауы тұрғанда бұл өңір барлық салада қарқынды дами түсері анық. Kaz.tengritravel.kz порталы "Kazakh Tourism" Ұлттық Компаниясы" АҚ-мен бірге еліміздегі ең көне қала - Шымкент пен оның маңындағы ерекше жерлер жайында баяндайды. 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Шымкент қаласында демографиялық хал-ахуалдың қарқынды дамуының себебін қиял-ғажайыпқа сүйеніп айтар болсақ, бұл аймақта мың жыл өмір сүретін арша ағашымен байланыстыруға болады. Әрдайым жасыл түске боялған бұл өсімдік түрінің таулы, биік аймақта өсетінін айтпағанда, тағы бір ерекшелігі - ағаштың ер (аталық) және әйел (аналық) болып бөлінетінінде. Мезгілінде аталық арша тозаң шашып, ал аналық арша оны қабылдайды. Осылайша, өсімін арттырады. 2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласының маңында Адам ата мен Хауа ана жартасы және Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған Қазығұрт тауы тұрғанда бұл өңір барлық салада қарқынды дами түсері анық. Kaz.tengritravel.kz порталы "Kazakh Tourism" Ұлттық Компаниясы" АҚ-мен бірге еліміздегі ең көне қала - Шымкент пен оның маңындағы ерекше жерлер жайында баяндайды. 

Ақсу шатқалы

АҚШ-тағы Гранд-каньон және Алматы облысындағы Шарын шатқалдарына барған адамдар Ақсу шатқалын көргенде, айырмашылық жер мен көктей екенін аңғарары анық. Ерекше пішінді бұл шатқал Қазақстандағы ең алғашқы және ең көне қорғалатын Ақсу-Жабағылы ұлттық мемлекеттік қорығының аумағында орналасқан. Атауы айтып тұрғандай, 120 шақырымға созылған Ақсу өзенінің айналасында қорықтық аумақ қалыптастырылған. Шатқал ұзақтығы шамамен 30 шақырым және тереңдігі 500 метрге дейін жетеді, сатылы-құлама қабырғалары бар, терең конгломераттық шатқал болып көрінеді. Шатқалдың жоғарғы шеттерінің арасындағы қашықтық 700-800 метрге жетеді. Ал ең жақын орналасқан жерінен адам аттап өте алады. 

Реклама
Реклама

Шатқалдың арғы бетіне өтетін бірнеше көпір бар. Солардың бірінен түсірілген суреттен суының мөлдір екенін және өзеннің екі жағындағы қабырғалардың қақ жарылған тау іспетті екенін байқауға болады. Сондай-ақ, көпірден суға дейінгі арақашықтықтың өзі суретте жақын болып көрінгенімен, едәуір алшақ орналасқан. 

Шатқалдың кез келген бұрышына тұрып суретке түссеңіз, әдемі шығары сөзсіз. Алайда бұл маңайдағы ерекше суретке түскісі келетін туристер арасында сұранысқа ие орын "саусақ" деп аталады. Әлеуметтік желіден байқасақ, мұнда келген саяхатшылар неше түрлі әдемі фотосуреттерге түскен. Жаз мезгілінде кейбіреулері онда арқанмен әткеншек байлап, тербелгенін де көруге болады. 

"Сцилла мен Харибда осы аймақта тұрар еді": Ақсу шатқалындағы үңгірлер жайлы

Төмендегі видеода көрсетілген орынды туристер "миксер" деп атайды. Алайда қыс мезгілінде Ақсу өзенінің суы біршама тарылып, атына заты сай болмайтын да жағдайы бар. Көктемде қар еруімен мұнда өзен суы біраз көтерілгенде, бұл көрініс әсерлі әрі қорқынышты болады екен. 

Шатқал маңында ауылдар мен фазендалар бар. Кейбір кішігірім үңгірлерді жергілікті тұрғындар осылай қоражай ретінде пайдаланады. 

Қар адамы мен арқарлар. Ең көне Ақсу-Жабағылы қорығы ...

Бұл ерекше жерді көру қиын емес. Шатқал Шымкенттен 60 шақырым жерде орналасқан, яғни мегаполистен тура бір сағаттық жолда. Таңғажайып үңгірлерге түсу үшін арнайы жабдық қажет емес. Оған ыңғайлы киім мен аяқкиім кисеңіз болғаны. Жергілікті қорықшылардың айтуынша, бұл маңайға арнайы гидтермен келген жөн. Өйткені мамандардың нұсқаулығымен хайкинг (таулы аймақта жаяу жүру) кезінде оқыс жағдайлардан, адасудан аман боласыз. Сондай-ақ, адам ізінен әлдеқайда ірі, ешбір жануардыкіне ұқсамайтын іздерді көрген және қар адамына ұқсас алып бір тіршілік иесін көргендер де бар деседі. Мүмкін,  бұл жай ғана аңыз шығар, алайда қорықтың қарт орманшылары туристер мен жолаушыларға түнде тау қойнауында түнеуге тыйым салып жатады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қар адамы кездескенді есінен тандырып, тіпті бір зиян келтіруі де мүмкін екен. Туристерді одан ары үрейлендіріп, кейде бір орманшының алыстан алып маймылға ұқсас жүндес бірдеңені көзі шалып қалғандығы да айтылады.

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы

Батыс Тянь-Шаньның солтүстік-шығысындағы бұл саябақ Түркістан облысының үш ауданын қамтиды және Шымкенттен 70 шақырым жерде орналасқан. Оны Қаржантау, Өгем және Боралдайтау тау жоталары, сондай-ақ, Талас Алатауының солтүстік-батыс сілемдері қоршап тұр. Саябақта көптеген өзендер, атап айтсақ, Өгем, Қасқасу, Сайрамсу, Бұрғылық, Көкбұлақ, Бадам және Машат. Жазық пен биік таулы табиғи аймағында бір жарым мыңнан астам өсімдік түрлерін кездестіруге болады, олардың 240-ы "Қызыл кітапқа" енген. Саябақтың жануарлар әлемі алуан түрлілігімен таңғалдырады. Мұнда сіз аңшылардың кіруіне тыйым салынған қорғалатын аумақта тыныш өмір сүріп жатқан жайра, борсық, қабан, аю, қасқыр үйірлерін топ-тобымен кездестіре аласыз. Тауларда еліктер мен тауешкілері секіріп жүреді. Қаратау арқарлары көктемде Боралдай жотасының оңтүстік беткейлерінде жиі пайда болады. Сәтін салса, планетадағы ең сақ жануарларды - түркістандық сілеусін мен қар барысын көруге болады.

Мұнда бірнеше шың бар, ең биігі - "Сайрам" (4238 метр), сондай-ақ "Шымкент", "Аютөр", "Солидарность", "Еңбек", "Игла", "Қазақстан халқы Ассамблеясы", "Альтус" және Сарыайғыр шыңдары. 2100 метр биіктікте орналасқан биік таулы Мақпал көлі мен Кергелі көлдерін көруге болады.

1700 метр биіктікте жұмбақ жағдайда қайтыс болған, әрі із-түссіз жоғалып кеткен альпинистерге ескерткіш тақта орнатылған. Осы аймақта 1982 жылы болған оқиғаны кез келген альпинист пен туризм саласының мамандары жақсы біледі. Бірі бастап, екіншісі іліп ала кетіп, осы оқиғаның тылсым күшке толы екенін айтады. Сонымен, оқиға осыдан 40 жыл бұрын 50-ден аса альпинист оқу-жаттығу жүргізіп жатқан кезде болған. 17 қыркүйекте, Көптау шыңына шықпақ болған қарағандылық топ құрамында төрт ер, бір әйел болған. Бірнеше сағатта ауа райының күрт өзгеруі (әп-сәтте ауа температурасы +30-дан -20 ға дейін төмендеп кеткен) салдарынан олармен байланыс үзілген. Іздеу шаралары барысында үш адамның мәйіті табылған, олардың ішкі ағзаларына дейін мұз болып қатқан. Ал тағы екі адамның денесі әлі күнге дейін табылмаған. Бақсылардың пайымдауынша, олар сол сәтте уақыт кеңістігінен өтіп кетіп, ес-түсін білмей Қырғызстаннан бір-ақ шыққан. Бүгінде олардың отбасы бар, алайда өткені туралы білмейді екен. Қайтыс болған Наташа Бейфус пен Борис Полянский сол жиыннан кейін үйленбекші болған, той күнін де белгілеп қойған екен. 

Тағы бір айта кететін жайт - жергілікті қорықшылардың төбеті жайлы болмақ. Оның ақылдылығы соншалық, ескерткіш тақтасына дейін көтерілгенде ол туристерден бір елі қалмай, кейде алға шығып жол бастап отырды. Ал төмен қарай түсетін кезде соңғы жүріп келе жатқан адамның жанында немесе жолда кідіріп қалған және жолдан шығып кеткен адамның жанына барып тұрады. Мұнысымен ол қауіпсіздікті қадағалап жүргендей әсер қалдырды. 

Осы аймақты бес саусағындай білетін, ұлттық саябақтың жанашыры, альпинистер клубының мүшесі әрі бард әнші Марс есімді азамат Кеңес заманынан бергі қызық оқиғаларымен бөлісті. Гидтердің айтуынша, Марс ұлымен бірге осы саябақта бірнеше көпір салған, көлік те, ат та жүре алмайтын жерлерге олар құрал-сайманы мен керек-жарақтарын арқалап барған. 

"Кеңес заманында мұнда жыл сайын альпиниада ұйымдастырылатын. КСРО құрамына кіретін 15 елден 1000-нан аса адам жиналатын. Бард әншілер концерт қойып, жүздеген шатырлар тігілетін. Бүгінде шыңға шығуды жақсы көретіндер саны жүзден аспайды, соның өзінде тамаша жиындар өткіземіз. Ара-тұра шетелдіктер келіп жатады, өз басым біздің елде жұмыс істеп жүрген шетелдік туристерді көп көрдім. Олар АҚШ-тан, Канададан, Еуропа елдерінен келген", - дейді Марс. 

Бұл -Тарас. Ол альпинист, гид, әрі жаз мезгілінде осы аймақта балалар лагерін құрып, тұмса табиғатта гаджетсіз өмір сүру мүмкіндігін сыйлайды. 

Ұлттық саябақтағы тағы бір аңызға толы жер - Қырыққыз әулие деп аталады. Сырттай қарағанда қол ұстасып билеп тұрған қырық арудың бейнесіндей көрінеді. Бұл - табиғи үшкір тастар. Әр тас бөлек-бөлек орналасқан және бір-біріне ұқсамайды. Олар бір кездері тура қырық тас болған дейді. Бірақ қазір тек 20-ға жуығы қалған, олардың арасында үлкенді-кішілі, алуан түрлісі, ерекше пішінімен де таңғалдыратындары бар. Аңыз туралы мына жерден оқи аласыздар. 

Шымкенттен Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына барар жолда Қарасу атты ауылда осындай қараусыз қалған шіркеу бар. 160 жыл бұрын салынған нысанның терезелері шағылып, есігі қираған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұрындары бұл ауылда өзге ұлт өкілдері әсіресе орыстар көп болған. Бірте-бірте орыстар азайып, қазақтар көбейе бастаған соң, шіркеу қараусыз қалған. Оның ауласында мал жайылып жүретін кездер де болады екен. 

Шымкент қаласы

Елімізде жері кеңге жайылған ең үлкен қаланың орталығынан қала сыртына шығу үшін кептеліс болмағанның өзінде көлікпен бір сағаттан аса жол жүруге тура келеді. Жалпы, 13-регион  және оның халқы жайлы әңгімелер өте көп: рекордтар қаласы, тұрғындарының қонақжайлылығы, шаруалардың еңбекқорлығы, саудадағы пысықтығы сынды ауыз толтырып айтатындай дүниелер жеткілікті. 2200 жылдық тарихы бар қаланың аумағында бүгінде сәулет өнерінің барлық түрін кездестіруге болады: зәулім ғимараттар, жер үйлер, ескі заманның қамалдары, заманауи ойын-сауық орталықтары мен ұлттық нақыштағы мейрамханалары бар. Қаланы турист ретінде шарлап шығу үшін екі-үш күннің өзі аз болады. 

Еліміздегі ең биік ескерткіш осы Шымқалада орналасқан. 23 метр болатын Бәйдібек бидің ескерткішінің маңайында саябақ, мұражай орналасқан. Ал батыс бөлігінде 40 мың адамға арналған жаңа тұрғын үй кешені салынып жатыр. 

Шымкент қаласының ең биік нүктесінде осында ескі заманнан қалған цитадель бар. Бұл маңайды тұрғындар "ескі қала" деп атайды. Қазір бұл жер туристердің сүйікті мекеніне айналған, өйткені мұнда көне заманның элементтері мұражайларда жақсы сақталған. Алып хауыз, ежелгі бағаналар, жер асты мұражайы, бақылау алаңы бар. 

Көне заманда қолданылған жер асты құбырлары әлі күнге дейін жақсы сақталған. 

Зороастарилік оссуарий. Орта ғасырда Хорезм, Соғды және Жетісу қалаларында адам мәйітін осылай сақтайтын болған. Өйткені сол кездегі діни ұғым бойынша мәйітті жерге көмуге, өртеуге, не суға жіберуге тыйым салынған. Адам денесін бір жыл бойы арнайы мекенде ұстап, сосын терісі сүйегінен ажыраған уақытта керамикалық және қыш қобдишаға салатын болған. 

Шымкентте гастро-тур қарқынды дамып келеді. Мұнда ұлттық, еуропалық, азиялық асханалар бірінен-бірі асып түседі. 

Сөз соңында Шымкентке қалай баруға болатыны жайында айта кетсек. Су арқылы демесеңіз, бұл шаһарға көліктің кез келген түрімен баруға болады. Еліміздің кез келген қаласынан әуе рейстері ашылған. Көлікпен барамын десеңіз, бетондалған жолмен зымырайсыз. Ал теміржол өз алдына бір бөлек әңгіме. Мүмкіндігіңіз болса, бір топ құрып, Тұран-Экспресс ұсынған Қонаев вагонын жалдасаңыз болады. Шамамен 12-16 адамға есептелген бұл вагондар ел ішінде кез келген бағытта жүретін пойыздарға тіркеліп, діттеген межеңізге жүре береді. Бұл вагон классикалық купе, не плацкарттан ерекше, өйткені салоны 4-5 жұлдызды қонақүйлер іспетті. 

TengriTravel

Реклама
Реклама
Лого TengriNews мобильная Лого TengriLife мобильная