"Сцилла мен Харибда осы аймақта тұрар еді": Ақсу шатқалындағы үңгірлер жайлы

Ақсу шатқалы - Ақсу-Жабағылы қорығының ең әдемі жерлерінің бірі. Тереңдігі 700 метр, ені бір шақырымды құрайды. Шатқал - жартастарда ежелгі суреттер салынған палеонтологиялық орын, тарихымен ғана емес, сонымен қатар әдемі көрінісімен де саяхатшыларды қызықтырмай қоймайды. Kaz.tengritravel.kz порталы Aviata.kz сервисімен бірге Ақсу шатқалының таңғажайып үңгірлері жайлы баяндайды.

Тарихы жайлы бірер сөз

Ақсу каньоны Тянь-Шань тау жүйесінің қалыптасу кезеңіндегі соңғы катаклизмдердің негізінде пайда болды. Бұл шамамен 10 миллион жыл бұрын болған. Шатқал - бұл қиыршықтас пен әктастың бір-бірімен байланыстырылған тектоникалық жарықшасы. Оның ұзындығы - 30 шақырым.

Фото: Петр Мирошниченко

Қазір сіз мұнда Ақсу өзенінің бойынан аршалы шыңдар мен алмалы-аршалы бұталарды, қайың-теректі тоғайды көресіз.

Шатқалдағы көптеген үңірлер

Гид Петр Мирошниченко туристер тобын шатқалға әр демалыс сайын бастап барады. Оның айтуынша, шатқалдың тереңдігі әртүрлі аудандарда 30-дан 700 метрге дейін жетеді, ал ландшафты ұзындығына қарай алуан түрлі болып келеді.

Фото: Петр Мирошниченко

"Мен шатқалға алғаш рет үшінші немесе бесінші сыныптарда ма, оқушы кезімде бардым. Мен ол кезде Николай Кунның ежелгі грек мифтері жайлы кітабын оқитынмын, аңыздағы Сцилла мен Харибда мекендеген жартасты, үңгірлерді көз алдыма елестетіп, қиялға берілетінмін. Маған осы жерде де сондай аңыздағы кейіпкерлер мекендеуге әбден болар еді деп ойлайтынмын. Бұл әрине, жай ғана аллегория. Шатқал ондай қорқынышты әсер қалдырмайды. Керісінше, барған туристер осы бір ерекше жердің Шымкенттен бір сағаттық қана жерде орналасқанына өте қуанышты", - дейді гид.

Фото: Петр Мирошниченко

Қызық дерек

Шындығында, бұл салыстыру кездейсоқтық емес. Бұл табиғи жерлердің тарихы бай. Бұл жерлерде динозаврлар да мекендеген. Ақсу-Жабағылы қорығының аумағында, тақтатас шөгінділерінен юра дәуірінде өмір сүрген кесірткелердің, жәндіктердің, балықтар мен өсімдіктердің сүйек қалдықтарын көруге болады.

Фото: Петр Мирошниченко

Туристер фотосуреттер арқылы каньонның барлық сұлулығын көрсету мүмкін емес дейді. Талас Алатауы мұздықтарының еруі нәтижесінде пайда болған мөлдір судың маусым және шілде айларында көгілдір ақық түске боялатыны да ерекше назар аудартады.

"Шатқалдың фотосын алғаш көргенде, менде "ол жаққа барғым келеді" деген ой келді, сосын экскурсияға жазылдық. Сол кезде біз көптеген сұлу үңгірлердің барын білдік. Мен шатқалға қанша рет барғанымды нақты айта алмаймын, бірақ ол жаққа барудан жалықпаймын. Бұл жер - гауһар тас іспетті және басқа қандай әдемілігі барын, тек ағып жатқан өзен біледі", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Дарья Бунина.

Гидтің айтуынша, бұл жерлер өсімдіктер мен жануарларға өте бай. Мұнда, еш жерде кездеспейтін, көптеген эндемиктер мен реликтер бар; Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жануарларды көруге болады. Үңгірлерде папоротниктер өседі, мүктер мен қыналарды да кезедстіруге болады.

Қалай жетуге болады

Бұл ерекше жерді көру қиын емес. Шатқал Шымкенттен 60 шақырым жерде орналасқан, яғни мегаполистен тура бір сағаттық жолда. Таңғажайып үңгірлерге түсу үшін арнайы жабдық қажет емес. Оған ыңғайлы киім мен аяқ киім кисеңіз болғаны.

"Мұнда үңгірлер өте көп, көпшілігінің атауы жоқ. Ақсу-Жабағлы қорығының аумағында орналасқандары да бар: оған жету үшін басшылығынан рұқсат алу керек. Біз басқасына барамыз: ол үңгірлер қорық аумағында емес, оларға баруға рұқсат алудың қажеті жоқ", - деп түсіндіреді гид.

Фото: Петр Мирошниченко

Фото: Петр Мирошниченко

Ақсу үңгірлерін аралап, сұлулығын тамашалау үшін бару кезеңдерін жіберіп алмаңыз. Сәуірдің аяғында - мамырдың басында су көтеріледі, ал келесі екі айда бұл жерге келу мүмкін болмайды. Бірақ шатқалды жыл бойы келіп тамашалауға болады.

Aviata.kz саяхаттауда жауапкершілік маңызды екенін еске салады. Табиғатқа ұқыптылықпен қарайық, балаларымыз тәлім алар табиғат болсын, ал біз ертең қайта оралар жер болуы қажет. Табиғаттың "бізден кейін" қандай болатындығы біздің қолымызда.

Aviata қосымшасын мына сілтеме бойынша орнатуға болады.