2021 жылы Қазақстанда ұшу қаншалық қымбаттады

Қазақстандағы жолаушылардың әуе тасымалы 2019 жылғы "коронавирусқа дейінгі" көрсеткіштерден асып түсті. Мәселен, 2021 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша елімізде жолаушылар әуе көлігі қызметінің құны 8,7 пайызға артты, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі Finprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Аналитикалық порталдың мәліметінше, басқа өңірлермен салыстырғанда ең жоғары өсім Түркістан облысында тіркелген. Жылдық динамикада бірден 30 пайызға қымбаттаған. Анти-лидерлердің үштігінде Қызылорда (жылына 22,9 пайыз) және Маңғыстау (19,4 пайыз) облыстары да бар. Тек Солтүстік Қазақстан облысында бағалар өткен жылдың қазанындағыдай деңгейде қалды. Бұл ретте үш өңірде: Павлодар (12,7 пайызға), Батыс Қазақстан (15,3 пайызға) және Ақмола (22,5 пайызға) облыстарында бағаның төмендеуі байқалады.

Осы жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында әуекомпаниялардың табысы бір жылда екі есе өсті және жолаушылар тасымалы есебінен ғана 252,6 миллиард теңгеге жетті. Оған қоса, жүк тасымалынан түскен табысқа 13,1 миллиард теңге түсті. 2020 жылы әуекомпаниялардың жалпы табысы 135,8 миллиард теңгені құрады. Ал Азаматтық авиацияның шығыны 350 миллиард теңгеден асты. Алайда, коронавирус пандемиясына дейін - 2016 жылдан 2019 жылға дейін елде әуекомпаниялар табысының тұрақты өсуі байқалды.

Елімізде жəне əлемдегі жаңалықтар жайлы толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!