Токио метросында пышақпен қаруланған әйел жолаушыларға шабуыл жасады

Пышақ ұстаған әйел метро вагонындағы жолаушыларға тап берген. Салдарынан төрт адам зардап шекті, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Livedoor басылымына сілтеме жасап.

Оқыс оқиға 3 қаңтарда "Акихабара" метросының станциясында болған көрінеді. Полицейлер мәліметінше, 20-60 жас аралығындағы төрт адам жапа шеккен.

Қазір қылмысқа барған әйел құрықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Тәртіп сақшылары істің мән-жайын анықтайтын болады.

Бұл Токио метросындағы адамдарға жасалған алғашқы шабуыл емес екенін айта кеткен жөн. 2021 жылы Хеллоуин мерекесінде Джокер костюмін киген ер адам тұрғындарға шабуылдап, 17 адамды жарақаттаған болатын. Ол полицейлерге "адамдарды өлтіріп, өлім жазасына кесілгісі" келгенін айтқан.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!