"Сырқаттандым" деп жұмысқа бармай, аралда демалған ер адам жұмыстан қуылды

Қытайда технологиялық компаниялардың бірінің қызметкері "жұмысқа жарамсызбын" деп демалыс алғаны үшін жұмыстан босатылды: емделудің орнына ер адам тропикалық аралда демалған, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Business Insider мәліметінше, Бейжің тұрғыны денсаулығына байланысты екі апталық демалыс алып, Хайнань тропикалық аралында демалған.

Қытайлық National Business Daily басылымының мәліметінше, барлығы сотта Сю мырза деп аталған қызметкердің төленетін екіапталық еңбек демалысына шығу туралы өтініш берген, алайда басшысы жұмыс күші қажеттілігіне байланысты оны жібермей қойған.

"Содан кейін Сю басшысына омыртқасы ауыратынын айтып, медициналық құжат тапсырған. Онда дәрігер науқасқа жату керектігі және мойнына жаттығу жасау керектігі туралы жазған. Басшылық қызметкерінің өтінішін қабылдап, төленетін еңбек демалысының орнына жұмысқа жарамсыздығы бойынша босатқан", - деп жазады басылым.

Дереккөз мәліметінше, ер адамды Хайнань әуежайында әріптесі байқап қалып, басшылыққа жеткізгенін айтады. Басшыларының сұрағына жауап ретінде Сю Бейжіңдегі үйінде болғанын және ешқайда бармағанын мәлімдеген.

"Мен сізге ауырғанымды және саяхаттамағанымды мәлімдеймін. Мен үйде жатып емделдім", - дейді Сю.

Алайда, қызметкердің лезде өтірігі шығып, "алаяқтық пен әділетсіздігі" үшін жұмыстан шығарылды.

"Бұған жауап ретінде жұмыстан босатылған қызметкер" өзінің бұрынғы жұмыс берушісін алдамағанын айтып кері арыз берген. Оның айтуынша, Хайнаньда жеке пәтері болған және демалу үшін емес, аурудан айығу үшін сауықтыру мақсатында аралға барған. Бұрынғы жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы қарым-қатынасты нақтылау еңбек дауына әкеп соққан", - деп хабарлайды басылым.

Алдымен еңбек трибуналы қызметкердің әрекеті заңды деп мойындап, оған қатысты еңбек заңнамасын бұзылғаны үшін 620 мың юань (40 миллион теңгеден астам) өтемақы төлеуге қаулы шығарған.

Компания басшылығы мұнымен келіспей жоғарғы сотқа шағым түсірген, ол кезде өтемақы төлеуді алып тастаған. Жоғарғы сот жұмыс берушіні өтемақы төлеуден босатқан, басты себеп: "Сю дәрігердің төсектен тұрмай жату керек" деген нұсқаулығын ескермеуі.

Осылайша, ер адам жұмыссыз, өтемақысыз қалған. Алайда ол бұған да шүкір деуіне болады, өйткені Түркияда жұмыс уақытында "сырқаттандым" деп курортта демалған ер адам 15 жылға сотталуы мүмкін деген мәлімет жарияланған еді.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!