Швейцария тауларында қазақи стильде Louis Vuitton бутигі ашылды

Швейцария тауларындағы Санкт-Мориц курортында сәнді pop-up store Louis Vuitton дүкені ашылды. Бұл бутик қазақстандықтарды несімен қызықтырғаны туралы Tengri Lifestyle порталы баяндайды.

Қызығушылыққа негіз болған дүкеннің экстерьері - ол көшпенділердің баспанасы болған қазақ киіз үйінің стилінде салынған. Бутиктің уақытары бренд символдарымен әрленген, керегесі де солай безендірілген сонымен қатар ішінен айна орнатылған. Киіз әппақ түсте қоңыр сызықтармен үйлескен.

Фото: Instagram/@hashluxe

Француз сән үйінің ресми сайтында Louis Vuitton St Moritz & Yurt Pop-Up 16 желтоқсаннан келер жылдың 10 сәуірге дейін жұмыс істейтіні айтылады.

Айта кетейік, бренд бағалы сөмкелер мен чемодандарды шығарумен айналысады. Сондай-ақ, футболдан Катарда өткен әлем біріншілігінің кубогы Louis Vuitton жасаған арнайы футлярға салынған.

Осыған дейін қазақстандықтар Gucci жарнамасында қазақтың домбырасы мен ұлттық әшекейлерін байқағаны айтылды.