Полицейдің қолын сындырған. Жұлдыздардың саяхат кезіндегі түсініксіз әрекеттері

Кейбір әйгілі адамдар өздерін шынымен аспандағы жұлдыз санап, өзгеден биік тұрмын деп ойлай ма екен, әйтеу олар кейде адам миына қонбайтын әрекеттер жасап жатады. Tengritravel.kz редакциясы әлемдік жұлдыздардың саяхат кезіндегі ерсі қырларынан бірнеше мысал келтірді.

Алек Болдуин

CNN мәліметінше, 2011 жылы American Airlines әуежелісінің рейсінде бортсерік актерден телефонды сөндіруін сұраймын деп бәлеге қалды. Голливуд жұлдызы орнынан атып тұрып, жолда бәрін төңкеріп ұшқыштың кабинасына жүгіреді де, қабырғаны жұдырықпен ұрып, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Экипаж мұндай адамды рейстен түсіріп тастау керек деген шешімге келеді.

Болдуиннің өзі бұған келіспей, актер бортсерік жекірене сөйледі деп ақталды.


CNN видеосынан кадр

Наоми Кэмпбелл

Әйгілі модель British Airways әуекомпаниясының рейсімен Лондоннан Лос-Анджелеске ұшарда ұшақта шу шығарған. Оқиа 2008 жылы болған екен. Наомидің чемодандарының бірі ұшаққа салынбай қалғаны белгілі болғанда ол өзге жолаушылардың көзінше бортсеріктердің намысына тиіп, капитанға ұшақтан түсіп жүкті тауып әкелуге бұйырыпты. Ал ұшақ бортына полиция кіргенде Кэмпбелл олардың бірінің бетіне түкіріп жіберген. Полиция амал жоқтан оның қолына кісен салып, ұшақтан алып шыққан.

Осыдан кейін спуремодель полицейлерге шабуыл жасады деп айыпталып, 200 сағат қоғамдық жұмыс істеу жазасына ұшырады және 2300 фунт айыппұл төледі. Оған қоса әуе компаниясы Наомиге өз ұшақтарымен ұшуға бірнеше жылға тыйым салды, - деп хабарлайды Dailymail.

Instagram/Naoimi

Жерар Депардье

2011 жылы City Jet рейсінде шарап сүйгіш Депардье дәретке қысылады. Алайда бортсерік ұшақ көкке көтерілгенше актердің күтуін сұрайды. Ол болса тура орындықтар арасына дәрет сындырған екен. Ол шөлмекке дәрет сындырмақ болған, алайда мүлт кетіпті. Осылайша, актерді рейстен түсіріп тастаған. BBC мәліметінше, Депардье бұл қылығы үшін кейін көпшіліктен кешірім сұраған екен.

Фото:wysokieobcasy.pl

Майк Тайсон

2022 жылы әйгілі Майк Тайсон Сан-Францискодан Флоридаға рейсте өзге жолаушымен төбелескен. TMZ мәліметінше, ер адам бокс аңызымен суретке түскісі келген, алайда Майктің келіспегеніне дайын болмаағн көрінеді.

Ішіп алған жанкүйер жол бойы Тайсонды түртпектей берген екен. Ақыры боксшының да шыдамы таусылады. Ер адамға медициналық жәрдем қажет болады, ал Майк рейстен өзі түсіп қалады.

Билли Айлиш

Triphawk.net мәліметінше, 2020 жылы әнші Лос-Анджелестен Нью-Йоркке бағыт алған ұшаққа отырады, алайда ережеге бағынғысы келмейді. Куәгерлердің сөзінше, ол орындықтың үстіне аяқпен шығып алып, бортсеріктердің ұшақ әуеге көтерілгенше орнынан тұрмауды өтінгеніне қарамастан, орындықтар арасымен әрлі-берлі жүрген екен. Оқиғаның видеосы желіге тарап кетеді. Ал әншінің өзі бұл әрекетін аяқ-асты бойын қорқыныш пен паника билеп алғанымен түсіндірді.

Снуп Догг

Снуп Доггпен оқиға 2006 жылы Хитроу әуежайының VIP залында болған. Dailymail мәліметінше, музыканттың күзетшілерін әуеайлақтың бірінші санатына кіргізбей қояды.

Рэп жұлдызы ашуға булығып, Duty free дүкеніне барып, ішімдік шөлмектерін сындырып, қызметшілерге дауыс көтереді. Ал полиция келгенде бұзақылар олармен төбелесе бастайды. Ақыры жеті полицей кішігірім жарақат алады - көздері көгеріп, денелерінің бір-екі жері тілінген. Алайда бірінің қолы да сынған екен.

Оқиға салдарынан Снуп Догг британиялық British Airways әуекомпаниясының ұшақтарына отыра алмайтын болды.


Фото:GuestofaGuest