Таиландта мейрамхана қызметшілері мен туристер жаппай төбелесті

Туристер мен мейрамхана қызметшілері арасындағы жаппай төбелес Пхукет аралында болған, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

The Thaiger мәліметінше, Сои Сансабайдағы Atlas мейрамханасында шетелдік туристер мен мейрамхананың шетелдік қызметкерлері жаппай төбелесіп, бір-біріне орындық лақтыра бастағанда куәгерлер полиция шақырыпты.

Дегенмен полиция келгенде төбелескендер тарап үлгерген. Ал оның себебі әзірге мейрамхана қызметкерлерінің сөзінен ғана белгілі. Иордания азаматы Мохаммад Джехад Аломари, мысыр азаматы Абдерахман Мохаммад Әл Фавал және азаматтығы белгісіз Вай Лу Соэнің сөзінше, таң атпастан ішіп алып келген турситер, ас ішкісі келіп тамақты тездетіп алып келуін талап еткен. Ал қызметкерлердің кезегін күтуді сұрағаны оларға ұнамай қалыпты.

Осы кезде келушілердің бірі суы бар шөлмекті қызметкерге лақтырған соң, жанжал басталады. Бір-біріне орындық лақтырған жаппай төбелес полиция сиреналарын естігенде тарап кетеді. Полиция қазіргі таңда төбелеске қатысушылардың бәрін іздеп жатқан көрінеді.