Мексикада жағажайда ірі жыртқыш туристі өлтірді

Мексиканың Икстапа қаласында екі турист белгісіз жыртқыштың құрбаны болды. Зардап шеккендердің бірі сол жерде көз жұмды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі 20minutos.es сайтына сілтеме жасап.

Мексикалық БАҚ-тың мәліметінше, шабуыл бейсенбі болған. Белгісіз жыртқыштың құрбандары - Канададан келген 76 жастағы турист пен әйел адам. Жануар қарт адамның аяғын тістеп алған, олар оны жағаға шығарып үлгерген, бірақ ол дәрігерлер келгенше қайтыс болған. Зардап шеккен әйел ауруханаға жеткізілді. Оның жағдайы мен жарақаты туралы ешқандай мәлімет жоқ.

Жергілікті билік халыққа кім шабуыл жасағанын білмей дал болып отыр. Олардың екі нұсқасы бар - акула немесе крокодил.

"Теңіз биологтары қолтырауын шабуыл жасаған болуы мүмкін деді. Оның қандай жыртқыш екенін анықтау үшін бактериологиялық сараптама жүргізілуде", - деді муниципалитет президенті Хорхе Санчес Алек.

Ол азаматтық қорғаныс пен теңіз флотының қызметкерлері жануарды іздеуге тырысып жатқанын айтты.

Алдын ала болжам бойынша, қолтырауын жақын маңдағы қолтырауын фермасынан қашып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайлар бұрын да болған. Мамандар акуланың шабуылын да жоққа шығармайды. Олардың қатысуымен болатын мұндай оқиғалар мұнда сирек болса да, әлі де болып тұрады.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!