"Қоқыс толы стадион". Қазақстандық саяхатшы Испанияның шынайы бет-бейнесін ашып берді

Қазақстандық саяхатшы, 25 жастағы Құралай фрилансерлікпен айналысады. Әр жарты жыл сайын қонысын ауыстырып отыратын ол түрлі елдерде өмір сүріп көрген. Бұл жолы Құралай Испаниядағы өмірімен, саяхаты барысындағы қызықты сәттерімен бөлісті, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Алматылық Испанияға сапары жағымды және жағымсыз әсерге толы болғанын айтты. Валенсиядағы футбол матчына көрермен болып барған Құралай ойыннан кейін қоқыс толы стадионды көріп, жағасын ұстағанын атап өтті.

"Адамдар бөтелкелерді жерге лақтыра салады. Онымен қоса, жақын маңдағы барлардан стақанын ала шыққан адамдар ішімдігін ішіп болғасын, оны жерге ұрып, сындыра салады екен. Өз қаламда футболға мүлдем барып көрмегесін, көріп таңғалдым. Қасынан бір топ адам өтіп бара жатқанына қарамай, дәрет сындыра беретіндерді көріп, шок болдым", - дейді Құралай.

Суретті кейіпкер жіберді

Қазақстандық турист Испания қалаларының әдемілігіне қарап, көзің тоймайды дейді. Айтуынша, әр қалада самсап тұрған апельсин ағаштарын кездестіруге болады.

"Испанияның әр түкпірінен ерекше әдемілігімен көзге түсетін гүлдеп тұрған ағаштарды көресің. Ал апельсин ағаштары қаланың көркін арттыра түсетіндей. Менің туған қалам - Алматыда кәдімгі ағаштардың орнына алма ағаштары өсетін болса, қандай керемет болар еді деп елестеттім. Қазір Испания десе, бірден апельсиндерді еске алам", - деп атап өтті саяхатшы.

Суретті кейіпкер жіберді

Фрилансер танымал "Тақтар ойыны"фильмінің эпизоды түсірілген қалаға барғанын айтты.

"Испания - бұл футбол стадиондарының мекені ғана емес, әр қаласы бірегей өнер туындысына айналған ел. Мұнда, тіпті, шағын көшелердің өзі тарихтан сыр шертеді", - деді алматылық.

Суретті кейіпкер жіберді

Елдің мәдениеті мен табиғаты туралы әңгімелеп берген Құралай Испанияда азық-түлік бағасы арзан екенін атап өтті.

"Қазақстанда бір авокадоны 1000 теңгеге сатып аламын, ал Испанияда осы сомаға 3-4 данасын алуға болады екен. Салықтарды ескерсек, азық-түлік бағасы Алматыға қарағанда арзанырақ. Испанияда пәтер жалдау құнында Алматыдан аса айырмашылық жоқ. Дегенмен мұнда такси шақырғанда мұқият болу керек. Себебі кей жағдайда жақын жерге 5-6 мың теңге алады. Мен үшін бұл өте қымбат болды", - деп түйіндеді Құралай.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!