Жолаушы апаттық люкті ашып, ұшақтың қанатына шығып кеткен

Aeromexico әуекомпаниясының жолаушысы ұшақтың апаттық люгін ашып, оның қанатына шығып алған. Дегенмен басқа саяхатшылар оны айыптаудың орнына қорғаштап кеткен, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Business Insider сайтының мәліметінше, оқыс оқиға бейсенбі күні Халықаралық Мексика әуежайынан Мехико-Ситиге ұшар алдын күту алаңында болған. Әуежай осы жағдайға қатысты түсініктеме берді.

"Лайнер қанатына шыққан жолаушы ұшаққа да, жан-жағындағы адамдарға да зиян келтірмей салонға қайта оралды. Халықаралық қауіпсіздік ережелеріне сәйкес ер адам құзырлы органдарға тапсырылды", - делінген хабарламада.

Ондаған жолаушы ер адамды қорғаштауға кірісті. Тіпті желіде жарияланған өтінішке 77 жолаушы қол қойған.

Жолаушылар әуекомпания рейсті 4 сағат кешіктіріп, кондиционерсіз және сусыз күттіруге мәжбүр еткенін мәлімдеді. Олар апаттық люкті ашқан адам "барлық жолаушының игілігі үшін, барлығының қолдауының" арқасында әрекет еткенін атап өтті.

"Вентиляцияның ұзақ уақыт болмауы, әрі кеш берілуі жолаушылардың денсаулығына қауіп төндірді. Ол біздің өмірімізді сақтап қалды", - делінген жолаушылардың үндеуінде.

Дүниежүзілік Flightradar24 ұшуды қадағалау қызметінің мәліметі бойынша AM762 рейсі таңғы сағат 8:45-те ұшуы керек еді. Алайда әуежайдан тек сағат 14:18-де ұшып шыққан. Кейін рейстің техникалық қызмет көрсету дабылы іске қосылғаннан кейін кешіктірілгені анықталды. Салдарынан ұшақ капитаны тұраққа оралуға мәжбүр болды.

"Осы жағдайға қатысты жолаушылар наразылық танытты. Олардың бірі апаттық люкті ашып, ұшақтың қанатына шығып кетті. Ұшақты ауыстыруымызға тура келді", - делінген хабарламада.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!