Иракта 20 қазақстандық астыртын казинода заңсыз жұмыс істегені үшін ұсталды

Қазақстанның СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Иракта 20 қазақстандық астыртын казинода заңсыз жұмыс істегені үшін ұсталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

"Биыл наурыздың соңында Ирактың құқық қорғау органдары заңсыз іспен айналысқан (астыртын казинода жұмыс істеу) Қазақстанның 20 азаматын ұстады. Қазақстанның Иорданиядағы және Ирактағы елшілігі жергілікті органдармен істі сотқа жеткізбей депортациялау келісіміне келген. Аталған азаматтар айыппұл төлеп, Ирак аумағынан шығарылды", - деді Смадияров СІМ брифингінде.

Оның айтуынша, бұл бірінші жағдай емес. 2023 жылы ақпанда Қазақстанның 7 азаматы Иракта шетелдіктердің болу туралы заңын бұзғаны үшін тергелген. Оларда заңсыз астыртын казинода жұмыс істеген.

"2022 жылдың қараша айында олардың бесеуі ұсталып, сот ісін қарағанға дейін кепілақымен босатылғаны белгілі болды. Осыған қарамастан, олар бұрынғы орнына оралып, жұмысын жалғастырған, осылайша Ирак заңнамасының нормаларын бұзды. Қазақстан елшілігі тегін заңгерлік және басқа да шұғыл көмек ұйымдастырды. Сондай-ақ сотпен және прокуратурамен келіссөздер жүргізілді, олардың нәтижелері бойынша оң келісімдерге қол жеткізілді", - деп толықтырды СІМ өкілі.

Ол заңды бұзған қазақстандықтар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін немесе 500 мыңнан 3 миллион Ирак динарына дейін (170 мыңнан 1 миллион 21 мың теңгеге дейін) айыппұл салынуы мүмкін екенін атап өтті.

"Бұл ретте Қазақстан азаматтары Иракқа тиісті рұқсат құжаттарынсыз заңсыз қызметпен айналысуға бара жатқанын білген. Біз отандастарымызды басқа елдердің заңдарын сақтауға және отбасы мен Отанынан жырақта жүріп түрмеге қамау қаупіне бармауға шақырамыз.

Интернетте мұндай хабарламалар көп, көбі қайда не үшін бара жатқанын біледі. Тек аздаған бөлігі білмей жатады, олар тіпті құлдыққа түсіп қалуы мүмкін. Біз Оңтүстік-Шығыс Азиядан құлдыққа түскендерді шығарған болатынбыз. Кейбір азаматтар осындай жағдайдан кейін елге оралып, тегін ауыстырып қайтадан осындай күмәнді жұмыстарды істеуге барады. Өкінішке орай мұндай деректер бар. Мен олардың қанша табыс табатынын білмеймін, алайда бұл қаражатты үйде де табуға болады", - деді Смадияров.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!