"Элиталық түрме". Туристер Таиландтағы карантин туралы видеоны сынға алды

Желі қолданушылары Таиланд билігі таратқан карантин туралы видеоны сынға алды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz порталы Tourdom басылымына сілтеме жасап. Роликте елге сапардың барлық кезеңдерінде патшалықтағы коронавирустық шектеулер көрсетілген: әуежайдан қонақүйге дейін.

Видеода ұшып келген туристің дене қызуын өлшеу және багажды өңдеу түсірілген, әуежай қызметкерлері маска таққан және қолғап киген.

"Ауру жұқтыру белгілері байқалған жағдайда немесе дене қызуы 37,5 градустан асқанда сізге әуежайдың медициналық бөлмесінде COVID-19 экспресс-тест тапсыруды өтінеді. Егер нәтижесі теріс болса, онда төлқұжат бақылау бөліміне өте беруге болады, ал нәтиже басқаша болса онда емделуге ауруханаға жібереді", - дейді видеодағы жүргізуші.

Видеода Таиланд үкіметі ұсынатын жағдайдан екі апталық карантин кезінде туристердің іші пыспайтыны айтылады. Сценарий бойынша туристке бес жұлдызды қонақүй, жаттығу велосипеді мен йога кілемшесі қойылған балконы бар бөлме беріледі. Мейрамханадан күніне үш рет дәмді тағамдар ланч-бокспен жеткізіледі.  Қонақүй аумағындағы тропикалық бақта серуендеуге рұқсат беріледі, алайда ол үшін алдын ала жазылып қою керек. 

Авторлар видеоны барынша әсерлі етуге тырысып, Таиландта карантиннен өтудің үздік жақтарын көрсеткен. Алайда, әлеуметтік желідегі пікірлерге сүйенсек, аудиторияны бұған сендіру мүмкін болмаған. Бір ғана "жақсы" пікір бар: "Бұрын көргендерімнің арасында бұл "элиталық түрмені" насихаттайтын ең әдемі бейнеролик".

Таиланд Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік кеңесі үкіметке 66 елдің туристеріне визасыз режимді жаңартуды ұсынды. Айта кетейік, Қазақстан бұл елдердің тізіміне енбейді.