Дәнікеннен құныққан жаман. Туристер қонақүйден 35 келі тамақ алып кетпек болған

Туристер курорттық қонақүйдегі швед үстелінен 35 келі тамақты өзімен бірге алып кетуге тырысқан, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі 24TV арнасына сілтеме жасап.

Оқиға Антальяда болған. Туристер швед үстелі деп жайылған дастарханнан тамақты өз бөлмелеріне таси беріпті. Осылайша, жалпы 35 келі тамақ жиып алған көрінеді. Олар қонақүйден кетерде осы тамақтың бәрін өзімен алып кетпек болған, алайда оған қызметкерлер бөгет болыпты.

Демалушылар жол сөмкелеріне кепкен көкөніс, бірнеше келі алма, снектер, кәмпит, газдалған сусын, қант, шәй мен өзге де азық-түлікті толтырып алыпты. Ең қызығы кәдімгі сары майды да фольгаға орап алған. Онымен қоса, сабын мен су сабынды да қалдырмапты.

Интернетте қонақүй қызметкерлері демалушылардың сөмкесінен осы заттардың бәрін алып шығып жатқан видео тарап кетті.

Ал әйел адам жағдайды түсіндіруге тырысып жатқанын естуге болады. Оның сөзінше, алдымен бұл азық-түлікті олар қонақүй қызметкерлеріне тастап кетпек болған. Ал одан кейін жолда тіске басар бірдеме керек қой деп айтады.