Барселонада жағалауларда шылым шегуге тыйым салынады

Барселона билігі 2022 жылдың жазынан қалалық жағалауларда шылым шегуге тыйым салынатынын хабарлады. 

"Барселонаның барлық 10 жағажайында жыл бойы шылым шегуге тыйым салынады. Мұндай шешім азаматтар үшін салауатты ортаны қалыптастыру, қалдықтар мөлшерін азайту және қоршаған ортаны таза ұстау мақсатында қабылданды", - делінген қала әкімдігінің ресми сайтында. 

Бұрындары жазғы маусымда осындай "акция" өткізіліп тұратын. Тәжірибе сәтті өткені айтылды. Биыл сәуірден бастап түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал шектеу шаралары шілде айынан бастап күшіне енеді. 

Әкімдік бағамдауынша, жергілікті тұрғындардың 20 пайызы шылым шегеді, сонымен қатар қалаға келетін туристер де "түтіндетіні" айтылады. 

Еуропалық комиссия мәліметінше, темекі тұқылы Жерорта теңізінің батыс бөлігіндегі ең көп таралған қоқыс болып саналады екен, ал оның ыдырауына кемінде 10 жылдан аса уақыт керек.