Әуекомпания сал ауруына шалдыққан жолаушыны өз орнына еңбектеп жетуге мәжбүрледі

Сал ауруына шалдыққан шетелдік турист рейсіне кешігіп келген. Ал әуекомпания қызметкерлері оған қол ұшын бермей, орнына қарай еңбектеп жетуге мәжбүр етті, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі USA Today басылымына сілтеме жасап.

Шон Чангпен болған жағымсыз оқиға 3 қарашада орын алғанымен, бүгін көпшіліктің назарына ілігіп, жаппай талқылана бастады. Саяхатшы Атлантадағы Хартсфилд-Джексон әуежайында қауіпсіздікті бақылау бекетінде кезегін күткен. Кезегі ұзаққа созылып кеткендіктен, Шон ұшуға 10 минут қалғанда ұшаққа жеткен. Көптеген саяхатшы үшін 10 минут көп болып көрінгенімен, сал ауруына шалдыққан Шон Чанг үшін қиындыққа толы болды.

Маған "сіздің салонда жүріп-тұруыңызға арналған орындығыңыз жоқ" деді олар.

Ол мүгедектер арбасымен жүргендіктен, оған ұшаққа отыру кезінде қосымша көмек қажет болды. Ұшақтың ішінде емін-еркін жүру үшін ол арнайы құрылғыға тапсырыс беріп қойған екен. Америкалық Delta Airlines әуекомпаниясы оның өтінімі ұшақ жүйесінде шықпағанын айтты.

Тасымалдаушының айтуынша, туристке кейінірек басқа рейспен ұшу ұсынылған. Дегенмен ол бұл опциядан бас тартқан. Мүмкіндігі шектеулі көптеген саяхатшы сияқты Чанг ұшар алдын 24 сағат ішінде тамақ ішпеген екен. Себебі бортта оларға арналған арнайы дәретхана қарастырылмаған. Ал келесі рейсті күтсе, ол тағы біршама уақыт тамақсыз отыруға мәжбүр болады.

Кейіннен әуетасымалдаушының менеджері Чангқа ұшаққа өзіне ыңғайлы кез келген тәсілмен отыруды ұсынды. Сөйтіп ол өз орнына дейін еңбектеп баруға келіседі. Басылымға берген түсініктемесінде Delta бұл оқиғаны растады. Сөзінше, компания саясатына сәйкес олар клиенттерге тиісті көмегін ұсына алмаса, ұшаққа қалай отыру керегін өзі шешуге мүмкіндік береді.

Сізге бұдан да жақсы қызмет көрсету үшін біз мүмкіндігі шектеулі, ерекше қолдауды қажет ететін клиенттерге саяхат алдында осы ақпаратты басқа адамдармен бөлісуді ұсынамыз, - делінген компания хабарламасында. Сондай-ақ әуекомпания рейс кезінде Чангқа қатысты ешқандай заңбұзушылықтар болмағанын мәлімдеді. Себебі ол өз орнына жету тәсілін өз еркімен таңдады.

Туристің пікірінше, бұл оқиға мүмкіндігі шектеулі саяхатшылар үшін әуе тасымалының қолжетімсіздігінде мәселесі бар екенін айқындап берді.

"Біз мүгедектер үшін тең құқықтарды қамтамасыз етуіміз керек", - деді ол.

Чанг әуекомпаниялар мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау мәселесін мұқият зерделеуі керек екенін алға тартты. Мәселе шешімін таппаса, оларға айыппұл салынуы керек деп санайды.

АҚШ министрі Пит Буттиджидж Көлік департаменті мұндай оқиғалардың әуекомпаниялар үшін шығынын азайту мақсатында жаңа ережелерді қарастырып жатқанын айтты.

Ол Чангтың мүмкіндігі шектеулі саяхатшыларға тиісті қызмет көрсетпеген жағдайда әуекомпаниялар айыппұл арқалап, сот алдында жауап беруі керек деген ұстанымына қатысты пікір білдірді. Қазір жолаушылардың әуекомпанияларды тікелей сотқа беру мүмкіндігі жоқ екендігін нақтылады. Чанг атап өткендей, Delta оған билетінің ақшасын қайтарып бергеніне қарамастан, ол әуекомпаниялар өз қызметін жақсартуға тырысуы тиіс деп санайды.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!