"Жасанды интеллект жасағандай". Сиқырға толы сурет желіде қызу талқыға түсті

Қазақстандық фотограф Дмитрий Доценко әлеуметтік желі қолданушыларын таңғаларлық суреттерімен қуантты. Желі қолданушылары маманның жұмыстары жасанды интеллекттің көмегімен жасағалғандай шыққанын айтады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Фотограф өзінің Instagram-дағы аккаунтында көпшіліктің назарын аударған бірқатар сурет жариялады. Әсіресе автордың тау арасынан шығып келе жатқан күнді түсірген суреті сәтті шыққан.

"Бұлттар күнді жауып, қараңғы әйнек әсерін жасады, сөйтіп күн сұлбасы айқын көрінді. Ол жерден сіз, тіпті, қара дақтарды көре аласыз. Осындай қызықты кадрларды түсіру үшін бірден телеобъективімді алдым", - дейді Доценко.

Фотографтың жазбасының астында біршама пікір жиналып қалған. Онда әлеуметтік желі қолданушылары көрген суреттерінен алған әсерлерімен бөлісіп жатыр.

"Сіз ай мен күнді аңдып жүретін аңшы сияқтысыз, әрдайым сәтті кадрларды түсіресіз", "Сіздің суреттеріңізді "бұл жолы несімен таңғалдырады екен" деген оймен үнемі күтіп жүремін. Әрқашан таңғалдыратын дүние табасыз", "Өте әдемі", "Жасанды интеллект жасағандай", - деп жазды оқырмандар.

Тілшімен әңгімелесу барысында Дмитрий кадрларды 17 желтоқсанда жасағанын, бірақ оларды қазір ғана жариялауға шешім қабылдағанын айтты.

"Суреттерді Көк-Жайлау жолымен кетіп бара жатып түсірдім. 600 миллиметрлік телеобъективті пайдаландым. Ол кадрды бинокль сияқты жақындатады", - деді ол.

Сондай-ақ ол "жасанды интеллект көмегімен жасалған суреттер сияқты" деген пікірлерді көргенін атап өтті.

"Мен бұған түсіністікпен қараймын. Суреттерді жасауда жасанды интеллектті қолдану - қызықты дүние деп санаймын. Менің ойымша, ол суретті алмастырмайды, тек толықтыра түсуі мүмкін. Бәлкім, бұл бөлек жаңа бағытты дамытады. Мен ЖИ-мен бәсекелестіктен қорықпаймын. Шынайы заттың нақты бейнесін жеткізу - бұл мүлдем басқа нәрсе", - деді ол.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!