Әуежайдың қақ ортасында шешініп тастаған ұшқыш рейсті кешіктірді

Квинстаун халықаралық әуежайында ашуға булыққан ұшқыш ғимараттың дәл ортасында тұрып, шешініп тастаған
Жергілікті БАҚ мәліметінше, Нил Эбботт есімді ұшқыш Окленд қаласына ұшуға тиіс еді. Алайда ұшаққа мінер алдындағы тексерістен өткенде қауіпсіздік қызметімен жанжалдасып қалған, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі TourProm басылымына сілтеме жасап.

Әуежай қызметкерлері тексеріс кезінде тәжірибелі ұшқыштан аяқ киімін шешуді өтінгені белгілі болды. Ашуланған ұшқыш жолаушылардың көзінше бар киімін шешіп тастап, "әуежайдағы жүріс-тұрыс ережелерін бұзған" көрінеді. Салдарынан авиациялық тексеріс қызметі полиция шақыруға мәжбүр болған.

Осы оқиғаға қатысты Air New Zealand компаниясының ұшу және қауіпсіздік жөніндегі бас офицері, капитан Дэвид Морган мәлімдеме жасады. Капитан "экипаждың ауыстырылуына байланысты" әуерейсі бір жарым сағатқа жуық кешігетінін хабарлады. Дэвид Морган жанжал шығарған ұшқыш туралы ештеңе айтпады. Дегенмен әуекомпания ұшқыштарының қызметке жарамдылығына көз жеткізу үшін оларды медициналық және психологиялық жіті тексеруден өткізетінін атап өтті.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!