2024 жылдың маңызды ғарыштық миссиялары аталды

2024 жылы бізді қандай маңызды ғарыштық миссиялар күтіп тұр? Олар адамзатқа қандай пайдасын әкеледі? Tengritravel.kz тілшісі Naukatv арнасына сілтеме жасай отырып осы сауалдарға жауап іздеп көрді, - деп хабарлайды

Біршама уақыт орнаған тыныштықтан кейін әлемде ғарыштық жарыс қайта басталды. Ай, Марс, Юпитер, астероид - жыл сайын ғарышты бағындырғысы келетін елдер қарасы көбейіп келеді. Адамзат бұл мақсатына жету үшін қандай жаңашылдықтар енгізіп жатқанын зерделеп көрейік.

Айға ұшу

8 қаңтарда NASA-мен келісімшарт бойынша Astrobotic Technology жасаған Peregrine айды зерттеу модулі іске қосылады.

20 қаңтарда Жапония SLIM модулін пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Ол айға қону тарихындағы координаттарға ең дәл түсетін құрылғылардың бірі болады деп күтіледі.

Ақпанда NASA технологияларымен америкалық Intuitive Machines компаниясы жасаған Nova-С айды зерттеу модулі іске қосылады. Ол өзімен бірге ғылыми-зерттеу кешенін алып келеді деседі. Бұл құрылғы ғарыштағы ай спутниктеріне сәтті қонып, олардан қайта ұшуға қауқарлы болады.

Екінші жартыжылдықта NASA-мен келісімшарт бойынша Техастағы Firefly Aerospace жеке компаниясы жасаған Blue Ghost айды зерттеу модулі іске қосылады. Оның міндеті - айдың қалыңдығы 4-5 метрге жететін жабындысы - реголиттің қасиетін зерттеу.

Қарашада NASA-ның VIPER құрылғысы Айға жіберілмекші. Ол Ай бетіндегі үнемі көлеңкелі болып тұратын аймақтарды жіті зерттейді және айдан суды табуға тырысады.

2024 жылы (ред.-нақты датасы әлі белгісіз) Қытай "Чанъэ 6" миссиясын іске қосуды жоспарлап отыр. Төрт модульді қамтитын құрылғы тарихта алғаш рет Айдың артқы жағынан 2 келі реголит жеткізіп беретін болады. Сондай-ақ бұл миссия Пәкістанның бірінші ғарыштық аппаратын орбитаға шығаруға жәрдемдеседі.

Фото: depositphotos.com

Күн жүйесі

Тамызда Марсқа екі орбиталық аппараттан тұратын EscaPADE миссиясы ұшады деп жоспарланған. Бұл - Берклидегі Калифорния университеті мен Rocket Lab арасындағы бірлескен жоба. Оның міндеті - Марстың магнитосферасы мен атмосферасын зерттеу.

Ал қазан айында бірден екі маңызды миссия жоспарланған.

  1. Юпитердің айларының бірі - Еуропаға NASA Europa Clipper миссиясы ұшырылады. Жалпы бұрыннан ғалымдарды Еуропа мұхиты қызықтырады. Миссия - мұхитта жерден тыс тіршілік ету үшін қолайлы орта бар-жоғын зерттейтін болады.
  2. Еуропалық ғарыш агенттігі Дидим мен Диморф астероидтарына "Гера" ғарыштық миссиясын жібереді. Бұл аппарат орбиталары жасанды жолмен өзгертілген астероидтардың физикалық қасиеттерін зерттейді деп күтіледі.

Ғарышқа ұшу

Ақпанда Үндістан Gaganyaan миссиясын бастайды. 2025 жылы адамдармен қоса ұшырылады деп жоспарланған миссия алдымен сынақ ретінде жіберіледі. Яғни әзірге капсула орбитаға Mark-3 ұшқышсыз зымыран-тасығыштың көмегімен экипажсыз ұшырылады. Сынақтардың екінші бөлігі - маусым айында ғарыш кемесі жіберіледі деп жоспарланған.

Сәуірде Бутч Уилмор мен Суни Уильямс есімді ғарышкерлер Starliner Boeing жеке кемесінің көмегімен Халықаралық Ғарыш Станциясына сапарға аттанады. Сынақ ретінде өтетін рейс барысында Starliner жүйесінің мүмкіндіктері тексеріледі. Әсіресе экипаждарды Жер бетінен Халықаралық Ғарыш Станциясына және кері бағытта ұшу тапсырмасын қаншалықты орындай алатыны зерделенеді.

Сонымен қатар сәуір айында алғаш рет жеке тұлға қаржыландыратын ғарыштық сапар ұйымдастырылады. Миллиардер Джаред Исаакман орбитаға Crew Dragon кемесімен Polaris Dawn деп аталатын жеке ғарыштық миссиясын жібереді.

Бұдан бөлек қарашада "Артемида II" миссиясы ғарышкерлерді Ай орбитасына жеткізіп, кері қайтаруды жоспарлап отыр. Миссия NASA-ның көмегімен жүзеге асырады.

Қытайдың "Тяньгун" ғарыш станциясының экипаждық кемелері 2024 жыл бойы белсенді түрде ұшырылады. Экипаж Халықаралық Ғарыш Станциясында және орбитада жұмыс істейтін ғарышкерлерді тасымалдайды. Сондай-ақ олар Халықаралық Ғарыш Станциясына туристік рейстерді қосуды қарастырады.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!