Стюардесса жолаушылар арасындағы ең қыңыр ұлттарды атады

Шетелдік әуекомпанияларда он жыл жұмыс өтілі бар стюардесса қызметі барысында әртүрлі елдердің туристерін кездестіргенін айтты, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Бортсерік The Sun басылымына сұхбат беріп, қай ұлттың жолаушыларына қызмет көрсету оңай болғанын және қайсысы қиындық туындатқанын айтты.

Оның сөзінше, бортта АҚШ азаматтарына, немістерге және Шығыс Азиядан келген жолаушыларға қызмет көрсету де, тіл табысу да оңай болды.

Сонымен қатар ол экипаж жұмысына ризашылығын білдіріп, кішігірім сыйлықтар қалдыратын америкалықтардың жомарттығын атап өтті. Стюардесса олардың үнемі сыпайылық танытатынын және нұсқаулықтарды мұқият орындайтынын айтты.

Стереотиптерге қарамастан, немістер - мейірімді және сабырлы екенін айтты. Олар шу не жанжал шығармайды. Ойын-сауыққа да құмар емес екен. Әрі экипаждың нұсқауларын тура орындайды.

Стюардесса Шығыс Азиядан келген жолаушылар ең сабырлы дейді. Олар рейстің соңына дейін тыныштықта, көрпелерін жамылып алып, қараңғыда отырғанды ұнатады.

Дегенмен, стюардесса төбелескіш жолаушылармен де жұмыс істеуге тура келгенін атап өтті. Көбінесе ұлыбританиялықтар ішімдікті асыра сілтеп жіберіп, шу шығаратын көрінеді. Әсіресе мұндай оқиғалар жолаушылардың бірі үйленіп, сауық кешін ұйымдастыратын кезде болады. Бұдан бөлек олар көп жағдайда борттағы мінез-құлық ережелерін елемей, алкогольге тапсырыс береді екен.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!