"Сақ болыңыз". Сарапшы туристер қалай алданатынын айтып берді

Демалысты жоспарлау кезінде үлкен тәжірибе жинақтайсың. Алайда тым сенімді саяхатшылар қызықты демалысқа дайындалып жүріп, алданып қалуы мүмкін, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Travel Pulse сайтына сілтеме жасап.

Саяхат бойынша сарапшы Берд Бержерон туристер қалай алданатынын айтып беріп, оның айқын белгілерін атады.

Бержеронның сөзінше, адамды тым еліктіріп жіберітін ұсыныстардан абай болған жөн.

"Екі апта немесе одан да аз уақыт ішінде саяхатқа шығуды жоспарладыңыз. Дәл осындай сәттерде барынша абай болу керек. Себебі - алданып қалуыңыз мүмкін. Демалысты кеш жоспарлағандарға тиімді ұсыныстардың кездесуі екіталай", - деді ол.

Тым арзан әуебилеттері

Сарапшы бағасы өте арзан рейстерді қарастырған кезде мұқият тексеріп шығу керек екенін айтты.

"Тым арзан рейстерден сақ болыңыз. Өйткені мұндай әуекомпаниялардың өзіндік шарттары болады", - дейді Бержерон.

Оның айтуынша, ұсынылған әуебилетінің заңды екеніне көз жеткізу қажет. Қазір алаяқтар жалған веб-сайттарды пайдаланып, билет сатады. Оларды қайтара алмайсың. Сонымен қоса мұндай билеттің шектеулері көп болады. Сондықтан маңдай теріңізбен тапқан ақшаңызды салмас бұрын, тексеріп шығыңыз.

Баспананы жалдау кезіндегі қауіп-қатер

Қазір демалысты жоспарлаған адамдар баратын жеріндегі баспананы жалға алу жағын да ойластырады. Дегенмен бұл ретте де пайда тапқысы келетін алаяқтар болады. Бержерон саяхатшыларға бір үйді әртүрлі бағамен көрсететіндерден сақ болуға кеңес берді. Себебі олар брондау ақысын екі рет алғылары келуі мүмкін.

Өткен жылы Airbnb сайтының өзінен 59 мың алаяқтық жарнаманы алып тастаған. Баспана иесінің веб-сайты арқылы тікелей брондау арқылы осындай алаяқтықтан аулақ бола аласыз.

Құжат суретін сұрату

"Жеке ақпаратыңыз - сіздің қымбат дүниеңіз және сіз оны қорғауға міндеттісіз", - деп атап өтті Бержерон.

Егер желідегі бейтаныс адам сізден несие картаңыздың, жүргізуші куәлігіңіздің немесе төлқұжатыңыздың суреттерін жіберуді сұраса, әңгімені дереу тоқтатыңыз. Көбінесе алаяқтар жеке мәліметті рұқсатсыз транзакция жасау үшін пайдаланады.

Құпия ақпарат сұрату

"Шынайы компаниялар жеке ақпаратты алдын ала беруді талап етпейді", - дейді Бержерон.

Өзге адам жеке мәліметтеріңізді сұрату барысында қысым жасайтынын байқасаңыз, бұны дабыл ретінде қарастырыңыз. Тым көп жеке деректі қажет ететін мәмілелерге жоламаған жөн.

Алаяқтық төлем

Бержеронның сөзінше, алаяқтар жалған төлемдерді ұсынып, содан пайда табады.

"Олар транзакцияны жүзеге асырғаны үшін қомақты соманыңызды алып қойып, сізді қынжылтуы мүмкін", - деді ол.

Сарапшы осындай жағдайдың құрбаны болмау үшін қарапайым қызметтер үшін қосымша ақы талап ететіндерден аулақ болуға кеңес береді.

"Егер алаяқтарға тап болсаңыз, туристік агенттігіңізге және тиісті органдарға хабарлауды ұмытпаңыз. Сонымен қатар алаяқтармен қарым-қатынасты доғарып, жазбаларды сақтап қойыңыз. Әрқашан жеке ақпаратыңыз бен құжаттарыңызды қорғап жүруге тырысыңыз. Сондай-ақ ішкі түйсігіңізге сеніңіз", - деп түйіндеді ол.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!