Пойызда өзге жолаушыға орын беру заңды ма?

Кейде пойызға мінгенде орныңызға басқа жолаушы жайғасып алатын кездер болады. Онымен қоймай сізден "орын ауыстыруды" сұрайды. Өзге адам орын ауыстыруды сұраса, не істеу керек? Бұл заңды ма? Осы сауалдарға жауап алу үшін Tengritravel.kz тілшісі "Жолаушылар тасымалы" компаниясына хабарласты.

Егер басқа жолаушы сізден орын беруді өтінсе немесе басқа адаммен орын алмасуды сұраса, қалай әрекет ету керек? Компанияның баспасөз қызметі атап өткендей, билетті сатып алған әрбір жолаушы жол жүру құжатында көрсетілген жолаушылар вагонындағы өз орнына отыруы қажет.

"Сатып алынған орындарда өзге адамдардың отыруына тыйым салынады. Яғни, төленген орынды билет иесінің келісімінсіз басқа жолаушылардың пайдалануына жол берілмейді. Осыған байланысты "Жолаушылар тасымалы" жолаушылардан сапарларын алдын ала жоспарлауды сұрайды. Сонымен қатар вагонда қолайлы орындарға орналасу үшін пойыз билеттерін алдын ала сатып алуды сұрайды", - делінген компания хабарламасында.

Осылайша, өз орнын беру немесе бермеу мәселесі жолаушының қалауымен шешіледі. Алайда егер орын ауыстырғыңыз келмесе, онда сіз тасымалдау ережелеріне сүйеніп, әр жолаушы билетте көрсетілген орындарында отыруға тиіс екенін айта аласыз.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!