"Нарния не Лапландия дерсің". Көлсайдың қыстағы көрінісі тамсандырады

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Ернар Алмабек © Ернар Алмабек

Алматы облысындағы басты туристік аймақтардың бірі Көлсай көлдері. Соңғы жылдары жаз мезгілінде мұнда ағылатын жұрттың көптігі соншалық, көлдегі қайықтар мен катамарандарға ұзын-сонар кезектер тұратын болған. Алматыдан 4-4,5 сағаттық жолды еңсеріп, осы бір ғажайып мекенді қыс мезгілінде көргісі келетіндер де баршылық екен. Журналист Ернар Алмабек пен Жазира Байдалы камера мен дрондарын көтеріп, Көлсайдағы қысқы демалыс туралы влог түсірген. Олардың Көлсайдағы демалысынан шынайы эмоциялары мен әсері, кеңестері туралы Kaz.tengritravel.kz порталынан оқып, көре аласыздар. 


Иконка комментария блок соц сети

Алматы облысындағы басты туристік аймақтардың бірі Көлсай көлдері. Соңғы жылдары жаз мезгілінде мұнда ағылатын жұрттың көптігі соншалық, көлдегі қайықтар мен катамарандарға ұзын-сонар кезектер тұратын болған. Алматыдан 4-4,5 сағаттық жолды еңсеріп, осы бір ғажайып мекенді қыс мезгілінде көргісі келетіндер де баршылық екен. Журналист Ернар Алмабек пен Жазира Байдалы камера мен дрондарын көтеріп, Көлсайдағы қысқы демалыс туралы влог түсірген. Олардың Көлсайдағы демалысынан шынайы эмоциялары мен әсері, кеңестері туралы Kaz.tengritravel.kz порталынан оқып, көре аласыздар. 

Отбасылық жиһанкездер Алматыдан 300 шақырымдық жолға шығып, жол-жөнекей басып өткен ауылдары мен тарихи жерлер (Көкпек жазығында болған Ойрантөбе шайқасы) туралы танымдық ақпаратпен бөліседі. Сондай-ақ, Көртоғай шатқалындағы туристерден қалған қоқысты көрсетіп, үндеу тастайды. Олардың айтуынша, таулы-тасты, сарқырап аққан Шарын өзенінің сұлу көрінісін жұрттан қалған қоқыс айтарлықтай сәнін кетірген. Кезінде әскери нысан ретінде қолданылған қоршаулар, бүгінде үлкен қоқыс жәшігіне айналған. 

Жалаңаш ауылына таяғанда қалың жауған қарды байқауға болады. Айта кетейік, биыл алматылықтар үшін қар таңсық дүние болғандай. Қар жамылған таулы аймақта асфальтты жолмен жүріп, жан-жағында көріністі тамашалаудың өзі бір ғанибет. Көлсайға ең жақын ауыл Саты деп аталады, мұндағы жұрт туризмге жақсы бейімделген, қызмет көрсетудің түр-түрін ұсынады. Түрлі санаттағы қонақүйлер, киіз үйлер, кафе, көлік трансфері сынды қызметтер бар. Авторлардың айтуынша, мұнда үй жалдау 5000 теңгеден басталады, саудаласуға да болады екен. 

Ернар жарымен Көлсай көлдерінің төменгісінің (теңіз деңгейінен 1818 метр биіктікте орналасқан) маңында орналасқан қонақүйге тоқтаған. Онда шетелдік 3-4 жұлдызды қонақүйлерден кем соқпайтын ғимараттар мен глэмпингтер бар екен. Соңғысы тек жазғы маусымда беріледі. Түнгі уақытта қонақүй айналасы жарық, сол себепті баллондармен сырғанауға болады. Қонақүй балконынан көл мен таудың көрінісі тым ерекше. Жер ананың соншалық суретші екеніне таңғаласың. 

Қалың жауған қар шыршаларды жамылып, әдемі көрініс береді. Ернар бұл жерді "Хроники Нарнии" десе, Жазира Санта-Клаустың отаны Лапландияға теңеді. Жел соқпаса да бұл аймақ өте суық, сол себепті влог авторлары барынша қалың киінуге және таулы аймақта жүруге жайлы болатын аяқ киім киюге кеңес береді. Жаздың өзінде Көлсайдың суы өте салқын. Ал қыста көл суының біршама жерінде 30 см мұз қатқан, тау өзені құятын аймағында "баруға болмайды" деген ескертулер орнатылған, өйткені ол жағы қата қоймаған. Кейбір жерлерін балықшылар ойып тастап кеткен, мұнда тек мөлдір сулы су қоймаларында өмір сүретін алабалық (форель) мекендейді. Балықшылардың айтуынша, мұз 10 см-ден асса, адам жүре алады екен. Жазира әр тұста мұздың жарылған дыбысы мылтық атылғандай селк еткізетіні де үрейіңді алатынын айтады. 

Саяхатшылар Көлсайға неліктен қыста келу керектігін былай түсіндірді: "Жазда мұнда адам көп келеді, қайық пен катараман мінген жұрт өте көп. Ал қыста адам аз. Келгендердің көпшілігі тұрақ маңайында жүреді екен. Жазда осында келеміз, көлге көз тастаймыз да дастарханымызды жаямыз, сөйтіп у-шудың арасында жүріп қайту керек уақытта таяп қалады. Ал қыста рахат, көлдің ортасын қиып өтіп, асықпай аяңдап басып, жан-жағыңды тамашалап, жақсы ойдың жетегінде жүріп айналаңнан ләззат алуға тамаша мүмкіндік бар. Сондықтан қыста келген тиімді. Коньки тебуге, балық аулауға, баллонмен сырғанауға да болады". 

Ернар мен Жазираның шамамен 24 сағатқа созылған саяхатына 69 мың теңге жұмсалған.

Суреттердің авторы Ернар Алмабек

TengriTravel
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная