Жолаушылардың төбелесінен кейін ұшақта ішімдікке тыйым салынуы мүмкін

Ryanair лайнеріндегі қырғын төбелестен кейін бірқатар жолаушы ұшақ бортында алкогольге тыйым салуды талап етті, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Dailymail хабарлағандай, Тенерифе-Эдинбург бағытындағы Ryanair рейсінде мас жолаушылар арасында төбелес болған. Жолаушылар жанжалды видеоға түсіріп алған. Салдарынан видеоны көргендер ұшақтарда алкогольге тыйым салуды талап етіп жатыр.

Жолаушылардың сөзінше, Испания аралына ұшып бара жатқанда екі адам дәлізде араздасып қалған. Кейін олардың жанжалы төбелеске ұласқан. Қалған жолаушылар жағымсыз көріністі сағаттап бақылап отыруға мәжбүр болған.

Видеоны түсірген Ханна Макдональд есімді жолаушы төбелескендердің екеуі ағайындылар, тағы біреуі олардың сүйіктісі екенін айтты. Олар ұшаққа мінгеннен ішімдік ішкені анықталды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от twotaboo (@twotaboo4you)

"Әуежайларда ішімдікке тыйым салатын уақыт келді", "Кіреберісте қандағы алкогольдің рұқсат етілген ең жоғары деңгейін анықтайтын алкометр болуы керек. Әуежайға келе сала, бірден барға баратындар көбейіп кетті", "Әуежайларда немесе рейстерде алкоголь сатпау керек", "Менің ойымша, мұндай ақымақтардың ұшуына біржола тыйым салу қажет", - деп жазды оқырмандар.

Саяхат сарапшысының айтуынша, тыйым салу арқылы мәселе шешілмейді. Керісінше, дәретханада тығылып ішетіндер көбейеді. Соның кесірінен экипаж мүшелері мен билік өкілдерінің алкоголь ішкендерді бақылау қиындай түседі. Ол оның орнына қатаң жаза қолдануды ұсынды.

"Қолданыстағы жаза тиімсіз. Сол себепті алкогольді сусындар бұрынғыдай емін-еркін берілуі керек. Дегенмен заңға бағынбағандар қатаң жазалануға тиіс", - деп атап өтті сарапшы.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!