Соңғы жылдары қоғамда туризмге, саяхаттауға аса мән беріліп жатқандығы ақиқат. Мұны алдымен қазіргі ақпарат және коммуникациямен, сондай-ақ, ел көру, жер көру, өзге елдердің мәдениеті мен тарихымен танысуға деген құштарлықпен де байланыстыруға болады. Саяхаттау - адам бойына керемет күш сыйлап, ой көкжиегін кеңейтіп, рухани жағынан байытары сөзсіз. Осындай саяхатты насихаттауда трэвел-блогерлердің де қосар үлесі мол. Бір қарағанда, трэвел-блогер болу оңай көрінгенімен, оның машақаты көп жұмыс екені анық. Әлем елдерін аралауда түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдау үшін, биіктіктерге шығу, экстремалды жағдайларда дұрыс әрекет ете білу үшін арнайы дайындық керек. Ал көрген-түйгеніңді Желіде жариялап, тәжірибеңмен бөлісу үшін де мол білім қажет. Сонымен қатар, біршама қаражат жұмсауға тура келетінін де ескерген жөн. Осы тұрғыдан туризм саласында мол тәжірибесі бар, саяхатшы, трэвел-блогер Нұржан Алғашовтан сұхбат алуды жөн көрдік. Ол әлемнің 40 елінде және Қазақстанның барлық өңірінде болған. Kaz.tengritravel.kz тілшісіне берген сұхбатында Нұржан Алғашов саяхат кезінде болған қызықты оқиғаларымен бөлісті.
Жаңа бір елге келгенде, бірінші кезекте баратын жеріңіз?
"Бірнеше затқа мән беремін. Бірінші - авиаұшудың қолжетімділігіне назар аударамын. Бәлкім бұл Азия, Еуропа, Америка болсын маңызды емес, ең бастысы - қымбат емес, қолжетімді трансфер. Екінші - виза қажет/қажет емес ел. Үшінші - егер мен жаңадан бір елге барсам, онда толыққанды аралап шығамын. Негізінде бір сапарға шығар алдында, бір бағытта бірнеше елді қамтуға тырысамын. Мысалы оңтүстік-шығыс Азия болса, онда Малайзия, Индонезия, Сингапур немесе Таиланд, Камбоджаны тізімге қосамын. Еуропа болса, онда тіпті таңдау көп. Осылайша, Африка, Таяу шығыс, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерін топтастыруға болады. Яғни саяхатты қызықты, әрі тиімді өткізуді көздеймін. Бұл - қаражат жағынан да тиімді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Шетелде жүргенде қандай жағдайда өзіңізді бақытты сезінесіз?
Мені ұсақ-түйек дүниелер, кез келген жағдай бақытты етуі мүмкін. Жаңа бір елде, бөтен қаланың көшелерінде жүрудің өзі ләззат сыйлайды. Себебі, бұрыннан осы жерде болуды ойлағансың және іске асырғанда менен бақытты адам жоқ болып көрінеді.
Барғыңыз келмейтін ел, қала?
Әскери қақтығыстар жүріп жатқан немесе қақтығыстар болуы мүмкін аймақтарға, қалаларға бармас едім. Себебі, нағыз тәуекелдерді есепке алған жөн.
Сурет travelblog.kz сайтынан
Сіз үшін ең керемет демалыс?
Менің жауабым көптеген қазақстандықтардың жауабынан өзгеше болуы мүмкін. Бұл - теңіз, жағажай, аll-inclusive емес, көбінесе түрлі жағдайда алған әсер дер едім. Ең әдемісі - шамамен 3-5 аптаға созылатын саяхат: түрлі бағдарламалар мен оқиғаларға толы, әсіресе тауға шығу немесе экстремалды спорттың жаңа бір түрін көру, барған аймақтағы ЮНЕСКО тізімінде бар немесе туристер арасында танымал деген жерінде болу, жаңа тағамдардың дәмін тату, адамдармен және өзге мәдениетпен танысу. Осының барлығы топтасып, бір сапарда кездессе, мен үшін керемет демалыс болар еді.
Интернетке қосыла алмайтын жерде болуы сіз үшін қиындық туғыза ма?
Қазіргі заманда Желінің әсіресе интернеттің қажеттілігі зор. Бағдарлау, ақпарат іздеу, локацияны қарау, жүретін жолыңызды сызу интернетсіз қиынға соғатыны анық. Сол себепті Желі міндетті түрде қажет, тіпті мобильді интернет болсын, Wi-Fi болсын, оның істеп тұрғаны абзал. Интернеттің болмауынан жақсы болғанын көрмеппін. Мысалы, көптеген елдерде қоғамдық Wi-Fi деген жоқ, мобильді интернет тым қымбат. Бір айта кетерлігі, Қазақстанда мобильді интернет өте арзан, осыны пайдаға жарату қажет.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Саяхат кезінде болған қызықты оқиға?
2016 жылы Непалда бір ай болдық, онда Аннапурнада және Эвересттің базалық лагерінде екі трек (таулы аймақта жүру) жасадық. Екінші тректе таулы аймақта біз екі қазақты кездестірдік. Бір ай жүріп бір-бірімізді көрмеген екенбіз. Алайда олар Непалға келетін саяхаттаушылар сияқты емес, жай киіммен, қытай сөмкесімен жүрді. Сөмкеде не барын сәл ойлансаңыз, табуға болады. Олар аш қалмайық деп сөмкесіне қазы толтырып, соны көтеріп жүр екен. Осы бір кездесудің өзі сырттай қарасаң күлкілі - Гималай, екі қазақ және қазы толған қытай сөмкесі.
***
Тағы бір қызық оқиға. Индонезиядағы Бали аралына жақын орналасқан Гели аралында сейфтен қаражатымыздың бір бөлігі ұрланды. Бұл қылмысқа барған - біз жатқан қонақүйдің қызметшісі екен. Арал тым кішкентай болған соң, мұнда полиция жоқ, алайда жергілікті тұрғындардан құрылған жасақ бар екен. Біз оларды шақырдық, ұсталған жігіттен сұрау алынды. Ол бәрін мойындады. Осы кезден бастап біздің көзімізше оны төмпештей бастады. Сосын оны тағы бір жерге апарды, сол жерге аралдың басшылары келді. Сөйтіп сол жердегі қолы бостарының барлығы жаңағы жігітті тағы сабады. Ұрланған ақша қайтарылды. Оны соттау үшін Ломбок деген аралға бару керектігі айтылды, біз ресми түрде арыз жазуымыз керек екен. Уақытымыз болмаған соң, біз одан бас тарттық. Сосын олар оны аралдың ішінде жүргізіп, кімнің ұрғысы келсе соған беріп, аралдан келместей етіп қуып жіберетіндерін айтты. Сол күні кешке қонақүй иесі өтемақы ретінде бізге кереметтей дастарқан жайды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Мәдениеті Қазақстанға жақын келетін елдер?
Біздің бауырлас көршілер Қырғызстан, Өзбекстан, арғы жағында Тәжікстанды айтуға болады, ал Қабардин-Балқарды, Грузия және Моңғолия менталдық жағынан бізге ұқсас. Экзотикалық елдерді алатын болсақ, Мексиканы айтуға болады. Себебі, бізге жергілікті тұрғындардың түр-әлпеті қатты ұқсайды, біз сияқты жақсы тамақтанғанды ұнатады, бір-біріне деген қарым-қатынастары бізге қатты келетін сияқты болып көрінді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сіздің ойыңызша әр азамат әлемнің қай елін, қаласын көруі тиіс?
Бірінші кезекте сол трансфердің қолжетімділігі және визасыз кіруге болатын елдер. Екінші - бұрындары кітаптан оқыған, голливудтық, не деректі фильмнен көрген қалалар. Мысалы, мен осылайша Йорданиядағы Петра қаласында, Перудегі Мачу-Пикчуда, Камбоджадағы Ангкор-Ватта болдым. Басында бүкіл әлемге әйгілі мекендер жайлы біліп, тамсандым. Сосын саяхатты жоспарлап, ойлағанымды іске асырдым. Өзім барған 40 елдің ішінен тізім жасайтын болсам, онда Норвегия, Непал, Камбоджа, Индонезия, Йордания, Мексика, Перу, Бразилия, Жапония және Малайзияны айтар ем. Менің түсінігімде осы елдерді міндетті түрде көру керек.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Саяхаттау кезінде не ұнамайды?
Бірінші кезекте рейстердің кешігуі, әсіресе түйісу арқылы (стыковка) ұшатын болсаңыз, ашуыңды келтіреді және әбігерге салынасыз. Өйткені бірінші рейстен екінші рейске дейін сандалып кететініңізге кепілдік беремін. Екінші - туристерді алдау мәселелері, кейбір такси жүргізушілері, қандайда бір нысандардың қызметкерлері, қонақүй қызметшілері сізден пайда көру мақсатында алдайтыны ұнамайды. Үшінші - саяхаттау кезінде кездестіретін мәдениетсіз туристер. Мысалы, бірдемені суретке түсірейін десең, әдейі алдыңа шығып алып, кедергі келтіретіндер, ғимарат ішінде қатты дауыстап сөйлейтіндер кездесіп жатады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Саяхаттау табысты іс пе?
Менің жағдайымда табыс табу мүлде жоқ, саяхатқа тек ақша жұмсау бар. Әрине блог-тур, инфо-тур дегендер бар, блогерді басқа бір елді, қаланы, аймақты тамашалуға шақыратындар бар. Жүріп тұру, тамақтану, трансфер барлығы қарастырылған, алайда блогерге ақы төлеу жоқ. Алайда соның өзі қызық, себебі тегін түрде жаңа бір елді көру, білудің өзі ғанибет. Сол себепті бұл сұрақтың маған аса қатысы жоқ, өйткені мен саяхаттаудан нәпақа таппаймын.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сұхбатты үш сөзбен аяқтасаңыз?
Саяхаттаңыз және әлемді таныңыз!