Пандемия басталғалы елімізде ішкі туризмнің қарқын алғаны байқалды. Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде танымал демалыс орындарында, табиғи парктерде және бұрын-соңды көпшілік біле бермейтін аймақтарда болып, сурет, видеоларын және алған әсерін бөлісіп жүр. Kaz.tengritravel.kz порталының тілшісі отбасымен Алакөл көлінде демалысы қалай өткенін баяндауды ұйғарды.
Жол
Достарымызбен "Алакөлге апарар жол" атты кішігірім фильмін түсіру ниетте Жамбыл облысы Мойынқұм ауданынан бала-шағамызбен аттандық. Отбасыммен (жарым және екі балам) ауылымыздан Алматыға 10 орындық көлікпен жеттік. Екі орынға төлеп, үш орынға жайғастық. Бастамасы тиімді басталғанын жақсы ырымға баладық. Алдын ала ұшаққа билет алып қойғанбыз, Алматыдан Үшаралға тікелей билет таппаған соң, Алматы облысының бас қаласынан ұшатын болдық. Сонымен қатар билет бағасы екі есе арзанға түсті. Алматыдан "емдік қасиеті бар көлге" 9 ересек бес баламен Талдықорған қаласының әуежайына екі жеңіл көлікпен зымырадық. Көліктерді әуежай тұрағына қойып, билет құны 8 мың теңгелік әуе кемесінің қандай болатынын күтіп отырмыз. Уақыт таяғанда отырғызу басталды, сөйтсек ұшақ небәрі 18-20 орындық екен, бізден бөлек үш-ақ адам отырды. Бір ұшақты өзіміз жалдап алыппыз ғой деп тағы мәзбіз. Ұшақ борты жалпақ тілмен айтқанда "ұшатын Газель" сияқты, қатты жел соқса қалқитыны бар екен. Бір артықшылығы ұшақта стюардесса жүрді. Сөйтіп бір сағатқа таяу уақытта Үшарал қаласының әуежайына жеттік.
@kosubaev Мойынқұмнан Үшаралға?? ##алакөл ##2021 ##алматы ##талдықорған ##үшарал
♬ оригинальный звук - Айдос Косубаев
Алакөл. Күткенің vs. көргенің
Жағажай демалысы дегенде ойыңызға бірінші не келеді? Жауаптардың көбісі былай болатын шығар: аяқ бастырмайтындай ыстық құм, жып-жылы су, жазғы волейбол сынды спорт алаңдары және балаларға арналған аттракциондар. Біз Алакөлге барғанда бірінші күні не көрдік. Тоқтаған қонақүйіміз жағажайдан 200 метрдей жерде орналасқан, көлге баратын жолды тас аралас құмды екен. Бала арбасымен әбден алыстық. Жағажай қара тастардан және солардың мүжілген қоқымынан тұрады. Жел соғып, биіктігі 20-30 сантиметр шамасында толқын соқты. Көлдің суы салқындау, бірден күмп етіп секіруге баталмай, баяулатып адымдап тұрған адамдарды көп көрдік. Бір сүңгігеннен кейін денең үйреніп, шыққың келмейді. Су мойынға жетсе де төменде аяқтарыңызды ап-анық көре аласыз, судың тазалығы туралы астын сызып айтуға болады. Шомылып жүріп, судың дәмін де көрдік, айтарлықтай тұзды емес, бірақ йод сезіледі. Толқынның гүрілінен бе ауылда судан шықпайтын екі жарым жасар қызым Алакөл суына аяғын бір малыды да, жоламай қойды.
Алакөлде мен бұрын соңды көрмеген бір ерекшелікке тәнті болдым. Жағажайда сауналар салынған, бұл жуынатын емес, тек қыздырынуға арналған. 10-15 минут сонда отырып, көлге қарай жүгірудің өзі кинодан ғана көріп жүрген демалыстың түрі болып көрінетін. Достарым соған қызыққаны соншалық, түстен кейін ғана істейтін саунаның от жағушысына таңғы 5-тен бастап ысытып қоюына тапсырыс беретін болды. Алакөлге бармай тұрып, "көлдің суына таңғы уақытта түскен абзал, судың пайдалы кезеңі сол кез" дегенді естіп алғанбыз. Алайда таңғы 5-6-да тұрып, суға түсу бақытын мен интернетте отыруға айырбастадым. Өйткені Ақши ауылындағы интернет 4G толығымен ұстап тұрғанына қарамастан, интернет тым нашар. Ел ұйықтағаннан тұрғанға дейін ғана Желіде отыруға мүмкіндік бар. Осылайша емдік суға түспей, интернет қосылған бетте жұмыс істеумен болдым. Ғаламторға тым тәуелді болғанның үлкен бір кемшілігі де осы шығар.
@kosubaev Сауна на Алаколе
♬ оригинальный звук - Айдос Косубаев
Біз барған жағажай тасты болып келетінін айттым, онда атақты "батпағы" жоқ, сосын лайды сатып алуға тура келді. Екі пакетін 1000 теңгеге алып, біразымыз үстімізге әбден жақтық. Сатушылардың бірі балаларға жағуға болмайтынын айтқан соң, қарсы келмедік. Күн астында тұрмыз қақталып, батпақ кеуіп өзі түсе бастағанда шомылу керек екен. Қырық минутқа жуық уақыттың ішінде барлығымыз қатты күйіп кеттік, екінші күні күн қызуы тамаша болды. Сәтін салып үшінші күнді де әдемі өткізіп жатқан ек, кенеттен іш ауруы деген бірнешеуімізде басталды. Неден көрерімізді білмейміз, өйткені жегеніміз көп, жемегеніміз суретте қалды. Жергілікті тамақтан деу қиын, өйткені өзіміз бөлек алдырған қозы қуырдақ пен кәуапты екі күн қорек еттік. Су жақпады дедік те қойдық. Елге қайтатын уақыт таяды, Алакөлге келетін кезде Үшаралдан такси салонын алты мыңға, ал қайтарда әуежайға дейін саудаласып жатып 11500-теңгеге жалдап келдік. Бұл жақта, барары арзан, қайтары қымбат екен.
Турист пікірі
Жалпы Қазақстандағы Алакөл, Балқаш, Бурабай сынды демалыс орындарына айтылатын сындарды біз де өз көзімізбен көрдік, сезіндік. Қымбатшылық, жолдардың сапасыздығы, жабайы сауда, қызмет көрсетудің төменділігі, қонақүй кәріздерінен иіс аңқып тұратынының өзі туристерді қашырып жіберуі мүмкін. Бірақ Алакөл - кез келген адамның өмірінде бір барып көруге тұрарлық жер, өйткені бекерден бекер Шыңғысхан әскерімен, мінген тұлпарларымен бірге түскен жоқ, бекерге "космонавттар" көлі деп айтпайды.
Алакөлге ораламын ба деген сұраққа былай жауап берер ем: Әрине, бірақ баға мен инфрақұрылым сәл жақсарғанда, яғни алдағы 3-4 жылда өзге демалыс орындарын таңдаған жөн екен деген ойға келдім, бәлкім шетелге шығармыз, өйткен осы аралықта жұмсаған қаражатқа акцияларды қарап жүріп Грузия, Мысыр, Түркияға емін-еркін баруға болады. Сосын алыс жолға, демалысқа балаларды апармаған жөн екен. Біз тоқтаған пансионат әкімшісі қайтарымызда "келесі жылы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қызмет көрсетуді жақсартамыз. Сонда балаларсыз келіп, өздеріңіз демалыңыздар. Әйтпесе келгеннен балалардың соңында жүрумен әлек болдыңыздар", - деп әзілін қоса шығарып салды.
Ал, сіздің Алакөлден алған әсеріңіз қандай болды?