Карантин жеңілдетілген соң жарты жылдан аса уақыт шетелге шыға алмаған қазақстандықтар жаппай жолдама алып жатыр. БАӘ, Түркия, Грузия, Мысыр елдеріне сұраныс көп дейді мамандар. Дегенмен әлі күнге дейін шектеулер сақталған елдер бар. Елордадағы туристік агенттіктің өкілі Гүлмира Сабитова Tengrinews.kz тілшісіне пандемиядағы туризмде қандай өзгерістер барын және шетелге шыққысы келген турист не білу керегін айтып берді.
Турфирма өкілінің айтуынша, жалпы туризм наурыз айында емес, жыл басында Қытайда індет тараған сәттен бастап, яғни шекаралар жабылғаннан кейін әлсіреді.
"Дәл қазір біздің ең басты міндетіміз - туристке нақты және сенімді ақпаратты беру. Себебі қазір әр елде туристерге қойылатын талаптар әртүрлі. Ал клиент ол туралы білу керек. Жағдай күн сайын өзгеріп жатыр. Тек Қазақстанда емес, әлем де. Сондықтан біз жолаушыларға мәліметті мүмкіндігінше уақтылы жеткізуге тырысамыз", - дейді Сабитова.
Оның айтуынша, дәл қазір туристер алдын ала 3-4 ай бұрын жолдамалар алып жатқан жоқ. Әлемдегі жағдайдың тұрақсыз болуына байланысты клиенттерде сәл қорқыныш бар дейді.
"Қазан айында коронавирустың екінші толқыны болады деп ойлаған халық тамыз бен қыркүйек айларына жаппай жолдама алып жатыр. Мысалы, тамыз айының соңына дейін БАӘ-ге жолдама жоқ, себебі ондағы қонақүйлерде бос орын қалмады. Оған қоса кей қонақүй әлі ашыла қойған жоқ, - дейді ол.
Осы ретте маман дәл қазір шетелге шыққысы келетіндерге кеңес берді.
"Мысалы, қазір Мысыр, Анталья, БАӘ-ге сұраныс артты. Бірақ ол елдерге барғысы келетіндер міндетті түрде сапарға 48 сағат қалған кезде COVID-19-ға тест тапсыруы керек. Сол елге барған соң да ол міндетті түрде тағы да коронавирусты анықтайтын экспресс-тест тапсырады. Ол тегін болады.
Және де қазірден бастап турист ол елде коронавирус жұқтырған болса он емдеу мақсатында сақтандыру құжатын рәсімдеуді міндеттейтін болдық. Сондай-ақ, БАӘ-ге барғысы келген туристте ағылшын тілінде көрсетілген тест сараптамасы болуы керек. Сол себепті әр елдің туристерге қойған талаптарын алдын ала оқып, бақылау қажет. Ол ережелер күнделікті тіпті сағат сайын өзгертіп отырады", - деп кеңес береді туристік фирманың өкілі.
Шетелге демалуға шыққанда қалай ақша үнемдеуге болады
Сабитова коронавирустан ең көп зардап шеккен Италияға да сұраныс қайта пайда болғанын айтады.
Сондай-ақ, маман турист шетелде коронавирус анықталған жағдайда қалай әрекет ету керегін айтты.
"Мысалы, турист ол елге теріс нәтижемен баруы мүмкін, бірақ 2-3 күннен соң дене қызуы көтеріліп, жағдайы нашарлаған болса, сақтандыру құжатымен ем алуға болады.
Карантиндегі қонақүйлер де пайда болды. Онда вирус анықталған науқас демалып, тынығып, емделе де алады. Бірақ оның бағасы әлдеқайда қымбат. Бірақ сақтандыру компаниялары ол қаражатты толықтай өтей алмауы мүмкін.
Бірақ дәл қазір шекаралар ашық болғандықтан турист өзі елге орала алады. Шетелде вирус жұқтырғандарға мемлекет тарапынан көмек қарастырылмаған", - деп ескертті туристік агенттіктің өкілі.