"Ұшу тоқтатылады". Астана әуежайы маңызды мәлімдеме жасады

Ұшу-қону жолағына күрделі жөндеу жүргізуге байланысты Астана халықаралық әуежайында орындалатын рейстерге өзгерістер енгізіледі, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Бұл туралы Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметі мәлім етті.

Айтуынша, елорда әуежайының әуеайлағында ұшақтарды қабылдау және ұшу тоқтатылады.

"Құрметті жолаушылар! Ұшу-қону жолағына күрделі жөндеу жүргізуге байланысты Астана халықаралық әуежайында орындалатын рейстерге өзгерістер енетінін хабарлаймыз. 2024 жылғы 1 мамырдан бастап жөндеу аяқталғанға дейін, жергілікті уақыт бойынша сағат 22:00-ден 6:00-ге дейін елорда әуежайының әуеайлағында ұшақтарды қабылдау және ұшу тоқтатылады", - делінген таратылған ақпаратта.

Елорда әуежайы күн сайын 200-ден астам рейске қызмет көрсетеді. Олардың ішінде түнгі рейстер саны 100-ге жуық. Бұл рейстер тәуліктің күндізгі уақытына ауыстырылатын болады.

Осыған байланысты Астанадан/Астанаға орындалатын әуекомпаниялардың рейс кестесіне өзгерістер енгізілуде.

"Жолаушылардан сапарларын алдын ала жоспарлауын және әуекомпаниялардың анықтамалық қызметтері, қосымшалар мен әуежай қызметтері, сондай-ақ әуекомпаниялардың хабарламалары сияқты барлық қолжетімді ақпарат көздерін пайдалануды сұраймыз", - деп ескертті әуежайдың баспасөз қызметі.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!