"Ұшақ бортында жұрттың мазасын алған". Астанада Моңғолия азаматына айыппұл салынды

Көлік полициясы Моңғолия азаматына ұшақта алкоголь ішкені үшін айыппұл салды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ағымдағы жылғы 14 тамызда Астана қаласы Халықаралық әуежайындағы Желілік полиция бөліміне "СКАТ" әуекомпаниясының Ыстамбұл - Астана бағытындағы әуерейсінің бортында құқықбұзушының бар екендігі туралы хабарлама келіп түсті.

"Экипаж мүшелері полицейлерге жолаушы азаматтың әуекемесінің ұшу кезінде алкогольдік ішімдік ішкенін, тіпті басқа жолаушылардың тыныштығын бұзғанын айтты. Мән-жайлар анықталғаннан кейін құқықбұзушы акт бойынша полицейлерге берілді", - делінген хабарламада.

Тексеру барысында көлік полицейлері Моңғолияның 39 жастағы азаматын анықтады. Ол кезекші бөлімге жеткізілді, медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес, алкогольдік масаң күйде болғандығы белгілі болды.

Шетелдік азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-тің 440-бабының 1-бөлігімен, яғни, алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда масаң күйінде пайда болу бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Шетелдік азаматқа 5 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!