Үндістан - әлемдегі ең ерекше және танымал елдердің бірі. Жер көлемі, халқының саны бойынша көптеген елді басып озатын Үндістан мәдениетімен, ұлттық құндылықтарымен ерекшеленеді. Шетелдіктер Үндістан туралы естіген кезде бірден түрлі дәмдеуіштер қосылған тағамдарды, дінді мықты ұстанатын халықты, ерекше киім үлгісі мен мәдениетін елестетеді. Әлемдегі ең көне өркениеттердің бірі болса да, Үндістанның біз білмейтін тұстары әлі де көп. Tengritravel.kz Үндістан туралы сізді таңғалдыруы мүмкін 10 дерекпен бөліседі, - деп
1. Үндістанда 6 жыл мезгілі бар
Алғашқы фактінің өзі Үндістанның қаншалықты ерекше екенін айғақтайды. Солтүстік Америкада жылдың төрт мезгілі болса, Үндістанда бір жылда алты мезгіл бар: көктем, жаз, муссондар, ерте күз, кеш күз және қыс. Олардың әрқайсысы орта есеппен екі айға созылады.
2. Үндістанда ауырлық күшін еңсере алатын Магниттік төбе бар
Үндістанның солтүстігіндегі Ладах аймағында ауырлық күшін жеңетін табиғи құбылыс бар. Кейбіреулер бұл құбылыс төбедегі үлкен магниттік күштерден пайда болуынан туындайды деседі. Ал басқалары бұл төбенің жан-жағындағы ландшафттың орналасуынан туындаған оптикалық иллюзия деп санайды. Төбеге көтерілген кездегі мистикалық құбылыс туристердің назарынан әлі де тыс қалмайтыны сөзсіз.
3. Үндістанда Қаңқа көлі деп аталатын мұздық көлі бар
Бұл - Үндістан туралы деректер арасындағы ең таңғаларлық факт. Гималайдың шыңында жүз жылдық тарихы бар адам қаңқаларына толы Қаңқа көлі деп аталатын мұздық көлі орналасқан. Көл теңіз деңгейінен 16 мың футтан астам биіктікте орналасқан. 1940 жылдары ери бастаған көлден адам қаңқалары табылған. Ғалымдардың сөзінше, ерте заманда тауларды кесіп өтпек болған көшпенділер қатты бұршақтың астында қалып қойып, өлім құшқан екен.
4. Үндістан - әлемдегі ең көп халқы бар мемлекет
Кейбіреулер үшін бұл факт тосынсый болуы мүмкін. Өйткені көптеген адам Үндістан халқының саны бойынша Қытайдан кейін тұрады деп есептейді. Алайда қазір Үндістан Қытайды басып озып, халық саны бойынша жер бетінде бірінші орынға тұрақтады (1,4 миллиардтан аса адам).
5. Үндістан ағылшын тілі көп қолданылатын әлемдегі екінші ірі мемлекет
Үндістан ағылшын тілінде сөйлейтіндер саны бойынша әлемде екінші орында. Мұнда ағылшын тілінде сөйлейтін 125 миллион адам тұрады. Қазір ол АҚШ-тан кейін екінші орында тұрған мемлекет. Үндістанның орта және жоғарғы тап өкілдері ағылшын тілін қарым-қатынас тілі ретінде қолданады.
6. Болливуд - әлемдегі ең ірі фильм ордасы
Болливуд Мумбайда орналасқан киноиндустрия орталығы ретінде танымал. Мұнда жылына 2 мыңға жуық фильм түсіріледі. Фильмдердегі актерлердің рөлдерін сомдауы, таңғажайып билері мен әндері Азия, Таяу Шығыс, Африка елдеріндегі көрермендерін баурап алған.
7. Индуизм - әлемдегі ең көне дін
Индуизм - Үндістанның бүгінгі күнге дейін ұстанып келе жатқан негізгі діні, әрі әлемдегі ең көне діндердің бірі саналады. Мыңдаған жыл бұрын пайда болған дін уақыт өте келе мемлекеттің бай және алуан түрлі тарихына ұласқан. Индуизмді діннен гөрі өмір салты ретінде сипаттауға болады. Ол ежелгі үнді дәстүрлерінен бастау алған философияларды, дхарма, карма, мокша тәрізді рәсімдер мен нанымдарды қамтиды.
8. Үндістан - әлемнің жеті кереметінің бірі Тәж-Махал отаны
Үндістандағы ең әйгілі ғимарат Делиден 204 шақырым жерде Жанума өзенінің жағалауында орналасқан. Жакан шах бала туғаннан кейін қайтыс болған Мұмтаз Махалға арнап Тәж Махал кесенесін салдырған. 1631 жылы басталған кесененің құрылысы 22 жылға созылған. Төрт құбыласында 4 минареті, биіктігі 74 метр бес күмбезі бар ақ мәрмәрдан салынған мазар¬дың құрылысына Орта Азия, Парсы, Таяу Шығыс елдерінен 20 мың зергер-ұста жұмылдырып, құрылысты 1653 жылы аяқтады.
9. Үндістандықтардың 39 пайызы вегетариандықтар
Үндістандықтардың шамамен 40 пайызы вегетариандықтар. Сонымен қоса бұл ел діни себептерге байланысты сиыр етін жеуден бас тартқан.
10. Үндістанда сиырлар - өте қасиетті жануарлар саналады
Үндістандықтардың 80 пайызы сиырды қасиетті жануар санап, құрметтейді. Олар сиырды ғаламның өмірі мен тіршілігін бейнелейтін ана бейнесі ретінде қарастырады. Индустар сиыр етін жемейді. Ал оларды соятындардың әрекетін заңсыз деп санайды. Үлкен мегаполистерде жолдардың ортасында қала кезіп жүрген немесе ұйықтап жатқан сиырларды жиі көруге болады.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!