Уақыт белдеуінің ауысуы елдегі әуерейстерге қалай әсер етеді?

Көлік министрлігінде Қазақстанның барлық аумағында 5-ші уақыт белдеуін қолдану бойынша кеңес өтті, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Іс-шараға Қазақстанның авиациялық әкімшілігі, «Қазаэронавигация» РМК, отандық әуежайлар, Air Astana, FlyArystan, SCAT, Qazaq Air, Turkish Airlines, FlyDubai әуекомпаниялары және елімізге келетін әрі елімізден шығатын тұрақты жолаушылар рейстерін орындайтын басқа да шетелдік тасымалдаушылардың басшылары қатысты.

Жиналыстың қорытындысы бойынша әуекомпаниялары мен әуежайларға жолаушыларды уақтылы хабардар ету және билеттерді брондау әрі сату, жүйелерді жаңарту бойынша тиісті жұмыс жүргізу тапсырылды.

Осыған байланысты Астана, Алматы, Шымкент, Көкшетау, Тараз, Балқаш, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Түркістан, Өскемен, Семей, Талдықорған және Жезқазған қалаларына/қалаларынан рейстерге әуе билеттерін сатып алған жолаушыларға ұшу уақыты 2024 жылғы 1 наурыз сағат 00:01-ден басталатын (елорда уақыты бойынша) рейстер бойынша нақты ақпаратты әуекомпаниялардың Call-орталықтары мен арнайы қосымшалары арқылы, сондай-ақ әуежайлардың анықтамалық қызметтерінен нақтылау қажет, - делінген ведомство хабарламасында.

Еске салсақ, ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 19 қаңтардағы қаулысына сәйкес Қазақстанның барлық аумағында 5-ші уақыт белдеуі қолданылатын болады. Осылайша, 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақыт 1 сағатқа шегеріледі.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!